Соңғы кездері елімізде қарқынды дамып келе жатқан еріктілер қызметі жайлы сөз қозғамақпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы №135 Жарлығымен 2020 жылы «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Содан бері бұл қызмет белсенді түрде қарқын алып, жандана бастады. Жалпы ерікті деген кімдер? Олар немен айналысады? Бұл туралы біздер аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы 2024 жылы «Ecovolunteer» еріктілер клубын құрған, аудан төңірегінде түрлі қайырымдылық акцияларына атсалысып жүрген Арсен Смайловтан сұраған едік. Осы орайда, 5 желтоқсан - Халықаралық волонтер күніне арналған Атырау облысында «Волонтер премиясы - 2024» атты марапаттау іс-шарасы өткен.
Бұл мерекелік кеште әртүрлі бағыттар бойынша үздіктер анықталған. Атап айтсақ: «BIRGEMIZ: Bilim», «BIRGEMIZ: Saulyq», «BIRGEMIZ: Sabaqtastyq», «BIRGEMIZ: Asyl mura», «BIRGEMIZ: Ayala», «BIRGEMIZ: Taza alem», «BIRGEMIZ: Umit», «BIRGEMIZ: Qamqor», «Үздік медиа волонтер», «Үздік корпоративтік көшбасшы», «Үздік тәлімгер», «Үздік волонтерлік ұйым», «Үздік жыл волонтері» номинациялары бойынша жыл үздіктеріне марапат табысталды.
Олардың қатарында, жас-тар мен жасөспірімдерден құралған еріктілер тобын алға сүйреп жүрген, талай осал топ өкілдеріне ізгілік танытып, игі іс істеуден жақсылық жасап, жарысып жүрген -Арсен Смайлов облыс бойынша үздік еріктілер қатарына еніп, мерейі үстеді.
- Ерікті деп аты айтып тұрғандай қоғамдағы жұмысты өз еркімен, жүрек қалауымен істеуді білдіреді. Яғни еріктілер көпшілікке көмектесіп, қолұшын созғаны үшін ешқандай ақы талап етпейді. Айналаны көгалдандыру, абаттандыру, үгіт-насихат жүргізу сынды жұмыстарды да өз еркімен атқарамыз. Сол себепті, еріктілердің қоғамдағы орны ерекше. Көпшілік еріктілерді қайырымды жандар ретінде таниды. Өйткені, еліміздегі еріктілердің барлығы дерлік жақсылық жасаумен айналысады. Бір жағынан бұл қазақтың көнеден келе жатқан «асар» дәстүріне ұқсайды. Асардың көрші-қолаң немесе мұқтаж жанға арналып жасалатын үрдіс екені көпшілікке белгілі. Ең бастысы әр жанның жүрек түкпірінде жақсылық жасауға деген ынта мен құлшынысы болса болғаны. Біздер жалғызбасты қарттардың үй-жайын, ауласын одан бөлек, Аққыстау орталығындағы «Зинеден» мешітін тазалау жұмыстарына ерікті түрде бір кісідей атсалысып жүрміз. Сондай-ақ, елімізге үлкен қауіп төндірген тілсіз жау яки тасқын суы кезінде де біздің аудан тұрғындары бейжай қалған жоқ. Күні-түні бөгет басына жиылған қарты мен жасын көріп,татулық пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсете білді. Айтпағым, олардын қатарында да осы аталған еріктілер жасағы ұйымшылдықпен қолдарына күрек ұстап, бөгет тұрғызды.Ал қыздар жағы осындай қазылтаяң уақытта ыссы тамақ пісіріп, барынша көмек қолын созуға ықпалдасты.Айта кетейік, аудандық білім бөліміне қарасты мектеп оқушыларынан құралған «Ecovolunteer» еріктілер клубы құрамында 40 жуық оқушы бар. Еріктілеріміз ағымдағы жылы түрлі бағыттарда қайырымдылық акцияларын атсалысып үлгерген болатын, соның ішінде тазалық жұмыстарын жүргізуге көмектерін тигізді. Бұрындары, жалғызбасты қарттардың үй-жайын тазалауға өзіміз баратын едік.Ал қазір осындай топтың бар екендігін естіген ауыл тұрғындарынан сұраныс артып, орталыққа аяқтай келу арқылы ерікті жастарымызды қол көмекке шақырып тұрады. Бұдан бөлек алдағы жылда көптеген бағыттарда еріктілер жасағымен жұмыстанып, тағы да екі еріктілер ұйымын ашсақ деген жоспарымыз да бар,- дейді «Ecovolunteer» еріктілер клубының жетекшісі.
Бір қызығы, әлем жаңалығына сүйенсек, көп елдерде еріктілік жұмыс қатарына қосылады, өйткені волонтер өзінің уақытын бөліп, білімін іске асыра отырып, тегін жұмыс жасайды. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтар немесе жеке де айналысуға болады. Волонтерлік қызметтің аясы өте кең: олар әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және тағы басқа түрлері болып бөлінеді. Жастар еріктіліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бастаған сайын еріктінің қатары қарқынды дамып жатыр. Еліміздің әр қаласында қарттар, жетімдер, әлеуметтік осал топ отбасыларына, апат құрбандарына және өзге де жәрдемді қажет ететін қоғам мүшелеріне көмек көрсететін жастар ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді. Бұл бағытта адамның жасы, жынысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Ең бастысы – ниет пен қолдан келетін іспен көмектесу ғана.
Ал біздің қоғамда еріктілердің орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. Бұл мемлекет пен жалпы қоғам дамуының көрсеткіші. Елдің жетістіктері күнделікті пайдалы және маңызды істерді орындайтын патриот азаматтардың белсенді әрекеттеріне тікелей байланысты.
Сөз соңында айтарымыз, еріктілердің еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Әрбір жастың бойында мейірімділікпен ұштасқан жаны жақсылыққа жақын жанның өмір сүру дағдысы қалыптасса, алынбайтын асу жоқ.
Сағыныш ҚАЙЫР