Жылдағы игі дәстүр жалғасын тауып келеді. Бұл әрине ауданымызда әр аптаның бейсенбі күні өтетін «Өнерім саған, туған ел!» атты өнер керуені. Сол кешті Исатай ауылдық округінің өнерпаздары жалғап, тұрғындарға ерекше сазды тарту жасап, рухани кеш өткізді. Өнер кеші әсем бимен ашылып, көрермен көңілін бірден баурап алды.
Кеш барысында алғашқы сөз кезегі Исатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Рая Уанқызына берілді. Ол ауыл өнерпаздарының белсенділігі мен бірлігін атап өтіп, игі тілегін жеткізді.
Ал бұл кештің ерекшелігі – тек кәсіби өнер иелері емес, әр саланың өкілдері яғни ұстаздар, түрлі салада еңбек етіп жүрген ауыл азаматтары сахнаға шығып, өз өнерлерін паш етті. Ағалы-қарындасты Исабаевтар отбасы әнмен көрермен ықыласына бөленсе, исатайлық «Ақжелең» әжелер ансамблінің орындауындағы «Бір шәугім шай» әні көптің көңілін тербеп, ерекше ықыласқа ие болды.
Сонымен қатар концерт барысында көрермендерге викториналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқандарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Кеште ата-анаға, туған ауылға, махаббат пен адамгершілікке арналған лирикалық әндер дуэт және квартет форматында орындалып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.
Іс-шара соңында аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмутов сөз алып, Исатай ауылынан келген өнерпаздарға аудан әкімі атынан Алғыс хат табыстады. Ол өз сөзінде ауыл өнерпаздарының белсенділігіне ризашылық білдіріп, мұндай рухани шаралардың қоғамға берер үлесі зор екенін атап өтті.
Сағныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ