ИСАТАЙЛЫҚ РИЗАБЕКТІҢ ТОП ЖАРҒАНЫНА РИЗАМЫЗ!

(0 Votes)

Таяуда ғана ұлық мереке - Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар арасындағы үздік шаруашылыққа арналған республикалық конкурс өтіп, қорытындыланған еді. Бұл іс-шараға Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Аталмыш жобаға қатысып, бұл күні мерейлері үстем болған марапат иелері қатарынан атыраулық кәсіп иелері анықталды. Олардың қатарында жылыойлық Сәуле Асанғалиева «Үздік аспаздық өнім» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынды жеңіп алса, ал өзіміздің жерлесіміз исатайлық Ризабек Макаримов «Үздік ет өнімі» номинациясында жүлделі ІІІ орын иеленді.


Республикалық байқау  бойынша топ жарған жерлесімізді көріп, мерейіміз үстеді.Осылайша, тұщықұдықтық кәсіпкерімізді сөзге тартқан едік.
-Біздер 2015 жылы «Макаримов Р» шаруа қожалығын құрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, мал басын өсіру жұмыстарымен отбасымызбен айналысып келеміз.Шаруа қожалығының 200 га жері бар.Қожалығымыздың есебінде 219 бас мүйізді ірі қара, 87 бас жылқы, 11 бас қой-ешкі бар.Күні бүгін мүйізді ірі қара малы басы санын көбейтуге жұмыстанып жатырмыз.Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатынасып, азық-түлік бағасын төмендетуге өз үлесімізді қосып келеміз.Ал, бүгінгі күні республикалық деңгейдегі ауқымды жоба аясында осындай марапатқа ие боламыз деп күткен жоқпыз.Үздік үштікке иеленіп, еленудің өзі де ұзақ жылғы маңдай тер мен адал еңбектің арқасы деп білеміз.Бұл жеңіске отбасымызбен еңбектендік,- деді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Айта кетейік, Ризабек Макаримов есімді азамат күні бүгінге дейін аз қамтылған отбасыларға, округ көлемінде өткізілетін шараларға, тіпті баспасөзге жазылуға демеуші болып жүрген мәрт жандардың бірі. Осындай қарапайым еңбек адамдарының алғыс алып, «Ауыл аманаты» жобасы – мемлекеттің еңбек адамына деген қамқорлығының жарқын үлгісі, ауыл тұрғындарының табысын арттырудың қарапайым әрі түсінікті құралы екенін  аңғаруға болады.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT