Бүгін аудан әкімі Нұрым Мусин мал шаруашылығымен айналысып отырған жергілікті шаруа қожалық иелерін арнайы қабылдады. Басқосу барысында шаруалардың жай-күйі жөнінде сөз қозғалды.
Сондай-ақ, Астана күніне орай көп жылғы қажырлы еңбегі мен ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген шаруагерлердің бірі Айбас жеріндегі ата кәсіп иесі «Есенғалиев» шаруақожалығының жетекшісі Ғафу Есенғалиев ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, Нарын құмын тұрғылықты мекенге айналдырып, ауданда мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген Марфуға Мағазова «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалімен ұлғыланды.
- Біз 1992 жылдан бастап жолдасым Мақсоттың бастамасымен Нарын құмына көшіп барып, Забурын кеңшарында жылқы бақтық. Кейін араға жылдар салып яки 1997 жылдан бастап Нарын құмына тұрақтап, ірілі-ұсақ мал басын өсіріп, еңбек етіп келеміз. 2022 жылдан бастап Бекзат Болатбек есімді немерем «Kh Erzhanov» жеке қожалығын ашып, қой шаруашылығымен айналысуда. «Мал өсірсең, қой өсір. Өнімі оның көл-көсір» дегендей, әр еңбектің бейнетімен қоса зейнеті де бар. Бүгінде даланы емес, қаланы аңсайтын жастар көп. Десе де, ата кәсіптен қол үзбеу керек. Әрине, мал бағу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оның қиындығына шыдау керек. Сонда ғана, кәсіптің нәсібі болады.
Бүгінгі мерейлі сәтте көп жылғы еңбегім еленіп, марапат алғаныма шын қуаныштымын,-деді Марфуға Мағазова ризашылығын жеткізіп.
Сағыныш ҚАЙЫР