Исатайлықтар бірлік күнін айрықша атап өтті

Мәңгілік елдің қуаты және кез келген қиындықты жеңетін алпауыт күш-бірлік. 1 мамыр – Қазақстан халқының  бірлігі күні. Бірлік пен келісімге толы шынайы жалпыхалықтық мереке, отаншылдығымыздың туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бен адалдығымыздың жарқын символы болып саналады. Қазақтың байтақ даласы көптеген ұлт пен ұлысқа ортақ берекелі Отанға айналған. Сондықтан бұл мерекенің елімізде маңызы жоғары. Бір тудың астында бейбітшілікте ғұмыр кешіп жатқан әрбір қазақстандық мерекенің мәнін шынайы ұғады. Бұл мереке еліміздің түкпір-түкпірінде айрықша атап өтілуде. Біздің ауданымызда да мереке ерекше тойланды. Аққыстау ауылының орталық алаңында бірлік күніне орай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Ынтымақ-достық кепілі» атты мерекелік шара өтті.

Шараға аудан әкімі қатысып, мерекенің маңыздылығы мен мәнін ашып, аудан тұрғындарын бірлік күнімен құттықтады.

-Құрметті аудан тұрғындары сіздерді бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке бізді бір шаңырақ астына біріктіріп, татулық пен бірлікке шақырады. Барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбітшілік пен тұрақтылықтың жарқын бір көрінісі.Бірлігі мен ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдерінің мерейлі мерекесі. Тілегі мен жүрегі бір көп ұлтты Қазақстан халқы бірлік пен татулықтың арқасында жарқын болашаққа бет алып келеді. Бүгінде мәдениеті мен дәстүрін жалғастырып, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұлттық мәдени орталықтар достықтың шынайы үлгісін көрсетіп келеді. Бірлігі мен тірлігі ұштасқан, татулық пен тыныштық қалыптасқан елде береке мол болмақ. Бүгінгі бірлік мерекесімен баршаңызды құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы мен ырысы арта берсін!   Бүгінде елімізде 140-тан аса ұлт өкілдері жақсы қарым-қатынаста өмір сүріп, достық пен сыйластықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бұның бәрі мемлекетіміздегі саясаттың дұрыс бағытта жүргізіліп келуінен деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұрақтылық пен бейбітшіліктің болуы үшін барлық жағдай жасауда. Еліміздің дамуы халқымыздың ынтымақтастығының арқасы. Сондықтан біздер татулықтың туын жықпай, бірлігімізді одан әрі нығайтып, жұмыла жұмыс жасау керекпіз. Исатай ауданында да қырыққа жуық ұлт өкілдері тату ғұмыр кешуде. Алдағы уақытта да осындай татулықпен биік белестерді бағындырарымызға сенімдімін.Құрметті жерлестер, шара қонақтары, мерекеміз мерейлі, шаңырақтарыңыз құт-берекеге толы болсын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болып, әр жанұяға бақыт пен береке орнасын. Бірлік күні құтты болсын,- деді аудан әкімі Полымбет Хасанов.

Шараға қатысушы мекеме ұйымдары әртүрлі ұлт өкілдерінің биінен қойылым қойып, еліміздегі жарасымды ұлт  достығын айқындады. Атап айтсақ,  Аққыстау орта мектебі мен «Қарлығаш» бөбекжай бала бақша ұжымы-өзбек, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты мен «Бәйтерек» бөбекжай бала бақшасы-грузин, «Нұршуақ» бөбекжай балабақшасы мен аудандық оқушылар үйінің ұжымы-украин және «Балдырған» бөбекжай балабақшасы мен №4 педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті-орыс, Өркен орта мектебі мен «Өркен» бөбекжай балабақшасы-татар және аудандық орталық аурухана ұжымы-неміс ұлтының ұлттық киімімен биін билеп, ынтымақтастықтың көрінісін көрсетті. Оған қоса Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және аудандық «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы спорттық көрініс ұсынды.

Аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, шараның көркін ашып, мерекелік көңіл-күй тарту етті. Исатай ауданының жастар ресурстық орталығы мен аудан белсенділері бірігіп музыкалық - театрландырылған композиция қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бейбіт күннің бәрі мейрам демекші, әрқашан күн сөнбей бір тудың астында тату ғұмыр кешейік.

   Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521