Күні кеше аудан бойынша әр салада еңбек етіп жүрген үздік жас мамандар – жылдың айшықты оқиғасы «Жыл үздігі – 2024» жастар премиясында бас қосып, ұлығыланды. Бүгінде ауданда 14 пен 35 жас аралығында 8300-ге жуық жас бар. Олар жастар саясатын дамытуға өз үлесін қосып жүрген өнерлі де білімді, талапты да талантты, белсенді жастар десе де болады.
Жастар ресурстық орталығында жыл бойына жастар саясатын іске асыру мақсатында жалпы саны – 125 іс-шара өткізіліп, оған 4700-ге жуық жас қамтылған. Жыл басынан бері аталған орталықтың ұйымдастыруымен жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатында «Жайдарман» лигасының ойындары, рухани танымдық жиындар мен кездесулер, қайырымдылық іс-шаралар, түрлі тақырыптағы облыстық семинар-тренингтер мен форумдар, мерекелік концерттер, поэзия және акустикалық ән кештері, жас ақындар мүшайрасы, Исатай QUIZ интеллектуалдық ойындары, қазақтың ұлттық ойындары мен келіндер сайысы, футбол, волейбол, жүгіру марафоны, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат ойындарынан түрлі жарыстар мен турнирлер өткізіліп келеді. Міне, бүгінгі кеште жыл бойына үздік болып, жақсы көрсеткіштерге жетіп жүрген жастардың басы қосылып, қортыланған болатын. Ал жастар премиясына 70 астам үміткер құжаттарын тапсырған. Комиссия мүшелері 13 сала бойынша ең үздіктерін анықтады.
Осылайша мерекелік кеште аудан әкімі Нұрым Мусин жастарды құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
-Міне, жыл бойына жақсы көрсеткіш көрсеткен жастарымызды ынталандыру бағытында марапаттар табысталып, «Жастар премиясы 2024» шарасы ұйымдастырылуда. Жылдың басынан беріғарай 125 түрлі яки мәдени және спорттық шаралардың бәріне 4 мыңға жуық жастар қатысты. Оның барлығы жастар үшін ұйымдастырылып жатқан шаралар.Ауданда салынып жатқан мәдени, спорттық кешендер барлығы да еліміздің ертеңі саналатын жастардың игілігі үшін. Бұдан бөлек, жалпы ауданда жыл тоғысы бағытында «жылдың үздіктері» атты үлкен шара күтіп тұр.Онда әр саланың өзіндік үздік мамандарын анықтайтын боламыз,- деген аудан басшысы өз кезегіндн жастарға номинацияларын табыстады.
Алдымен, Тұщықұдық ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы және коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Ералы Сыралиев «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясын иеленсе, Исатай ауданы №6 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы Ақжол Шайхым «Үздік жас төтенше жағдай қызметкері» атанды. Ал «Үздік жас медицина қызметкері» номинациясын Исатай аудандық ауруханасының инфекционист дәрігері Гүлзада Биғалиева лайық деп танылды.
Келесі құттықтау сөз кезегі аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметовке беріліп, ақжарма тілегін білдірді. Осылайша, марапаттау кезегі жалғасын тапты.
Құпия түрде салынған конвертті ашу арқылы үздік жастың аты аталып отырды. Ол «Үздік жас полиция қызметкері» номинациясы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Римма Қарағойшиеваға берілсе, «Жайықмұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасы ұңғыларды жерасты жөндеу жөніндегі операторы Ербол Сабиевқа «Үздік жас мұнайшы» аталымы табысталды.
Ал келесі кезекте Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің дыбыс операторы Ілияс Дүйсекешов жастар премиясынан «Үздік жас мәдениет қызметкері» деген аталымға ие болды. Сонымен қатар, «Үздік жас коммуналдық қызметкер» номинациясына 10 үміткер ішінен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының Исатай газ шаруашылығының дәнекерлеушісі Бақтыбай Халемов үздік деп танылып, оларға марапатын аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан ұсынды.
Осылайша, мерекелік кеште марапаттау кезекпен-кезек жалғаса берді.Оларды табыстау үшін ортаға аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Амиров шығып, ыстық ықыластарын жеткізді.
Сондай-ақ, аудандағы мектептер бойынша барлығы 12 үміткер өз-өздерін ұсынып, солардың қатарынан Ғ.Мәсәлімов орта мектебінің физика пәні мұғалімі Эльдар Жеткінов «Үздік жас мұғалім» болып жеңімпаз атанды. Ал Қазақстан теміржолшы Аққыстау станциясының байланыс Электро механигі Нұрдәулет Бекмұратов «Үздік жас теміржолшы» номинациясын иеленсе, аудандық экономика және қаржы бөлімінің маманы Эльвира Хасанова «Үздік жас маман» боп танылды. Одан бөлек, «Үздік жас кәсіпкер» номинациясы бойынша ауданымыздың жас кәсіпкері Мұстафа Нәсіпқалиов, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының шәкірті, ауданымыздан шыққан тұңғыш Атырау волейбол клубының ерлер құрамасының ойыншысы Амандық Болатов «Үздік жас спортшы», Өркен орта мектебінің 10 сынып оқушысы Жайнұр Айболат «Үздік жас мобилограф» атанды.
Сондай-ақ, жастар қатарынан белсенді көрініп әрі өз саласының озық маманы ретінде сол кеште «Үздік жас мұғалім» аталымын иеленген Эльдар Жеткеновті сөзге тартқан едік.
– Аудан жастарының еңбегі еленіп жыл сайын жастар премиясы ұйымдастырылып жүр. Биылда аудан жастарына дәстүрлі форматта өткізіліп отыр. Әр жас өз саласының үздігі деп білемін. Мен өтініш тастаған номиацияға 12 үміткер қатысқан екен. Солардың ішінде «Үздік жас мұғалім» номинациясын жеңіп аламын деген ой күтпеген едім.Бірақта, «сабақты ине сәтімен» дегендей орайы келіп, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын.Еліміздің жарқын болашағы үшін саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуден еш жалықпаймыз.Менде қолдан келгенше тәрбие мен білімді егіз ұғым ретінде қатар ұстанып,өз үлесімді қосып келемін,- дейді ол сөзінде.
Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі үлестерін қосатын бірден бір тұлға.Алдағы уақытта да ауданымыздың белсенді жастары еліміздің дамуына өздерінің үлестерін қоса береді деген сенімдеміз
өз тілшіміз