ИСАТАЙЛЫҚТАРДЫҢ АЙБЫНДЫ ЖЕҢІСІ

Бұл – бұлшық еті бұлт-бұлт ойнаған білегі мықтылардың сайысы. Мұнда әдеттегі күрестегідей қарсыласын кілемге алып ұрып, жамбасын жерге тигізу деген жоқ. Қарсылас екі адам орындарынан қозғалмастан қолдарын айқастырып, шеберлікпен күш сынасады. Бір қарағанда бұл спорт түрі жеңіл көрінгенімен, іс жүзінде ерік-жігер мен қажымас қайратты талап етеді.

Жақында Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында параармрестлингтен Әлем кубогы өтті. Бұл жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар бақ сынасып, ел абыройын асқақтатты. Қазақстан намысын қорғаған спортшылар қатарында Қамысқаладан Асылан Қайрушев пен Аққыстау ауылынан Медет Сұпығалиев асықтары алшысынан түсіп, жеңіске жетті.

Асылан Қайрушев бұл жарыста керемет нәтиже көрсетіп, оң және сол қол сайыстарында қатарынан жеңіске жетіп, екі алтын медальды еншіледі. Әлем кубогынің жеңімпазы атанып, еліміздің көк туын желбіретті.Ал Медет Сұпығалиев та лайықты өнер көрсетіп, сол қол сайысында күміс медаль, оң қол сайысында қола медаль жеңіп, аудан абыройын асқақтатты.

Атырау облысынан бұл жарысқа барлығы бес спортшы қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Бұл жетістіктің артында бапкерлер Рүстем Құрманов пен Өтеген Тілеповтің орасан еңбегі мен жүйелі жұмысы жатыр.

– Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің әр түкпірінен үздік спортшылар жиналып, бәсекелестік өте күшті болды. Біз үшін бұл жарыс үлкен тәжірибе мен шеберлікті шыңдаудың мүмкіндігіне айналды. Атырау облысының намысын қорғаған бес спортшымыз өздерін лайықты деңгейде көрсетті. Нәтижесінде, екі алтын, алты күміс және екі қола медаль жеңіп алдық. Бұл – команда үшін үлкен жетістік әрі алдағы жарыстарға ынта-жігер сыйлаған ерекше сәт болды,-деді Асылан Қайрушев.

Қос жеңімпаз– бұған дейін де Азия чемпионаттары мен әлемдік сайыстарда жеңіске жетіп, ел мерейін үстем еткен спортшылар. Әлем кубогындағы бұл жеңістер – табандылық пен тынымсыз еңбектің жемісі.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT