Біз бұған дейін «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантқа ие болған екі кәсіпкердің жұмыс орны туралы жазған едік.
Жалпы бұл жобаның мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болмақ. Егер де бұл бағдарламаға қойылған міндеттер 2021 жылға дейін толық орындалатын болса, еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан аспайтын болады. Осының арқасында жұмыссыздар мен нәтижесіз еңбекпен айналысатын адамдардың, әсіресе, ауылдық жерлердегі санын азайтуға мүмкіндік бар. Осыны ескере отырып ауданымызда "Еңбек" бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін тағы да мемлекеттік гранттар бөлінді. Бұған кәсіпке ынталы 19 тұрғын, өздерінің тың идеяларын ұсынып көрді. Әсіресе бөдене жұмыртқасын көбейту, ысталған ет жасайтын орын, «Magic Shop» кәдесыйлар жасайтын құрал-жабдықтар алу сынды жобалар ерекшеленді. Ал, көп ұсынылған кәсіп мал шаруашылығы болды.
Бұл туралы Исатай аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гулжан Джумалиева былай деп ақпарат берді:
- Аудандық комиссиядан бизнес жобалары бойынша 9 адам өтіп, 8 адам бизнес жоспарларын толық қорғамауына байланысты өтініштері қанағаттандырылмады. Ал, жобаны қорғауға уақытында бармау себебінен 2 адамның құжаттары комиссия мүшелерінде қаралмай кейін қайтарылды. Және болашақ кәсіпкерлерге 200 АЕК көлемінде, яғни 555 600 теңге қаражат бөлінді.
Ескере кетсек, елімізде осы жылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 82 764 282 мың теңге бөлінген болатын.
Байболат СҰҢҒАТОВ
Сурет: ашық дереккөзден