Исатайлық газельшілер провизорлық стационарға 1,5 тонна таза су апарды

Исатай ауданындағы «ГАЗель» көлігінің жүргізушілері шаруада ғана емес, қызметтен тыс кезде де бірлігі жарасқан ынтымақты ұжым екендіктерін дәлелдеп келеді.

Құрамында Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай, Забурын, Исатай ауылдарының «ГАЗель» жүргізушілері осыдан екі-үш жыл бұрын «ГАЗель клуб Аққыстау» деген атаумен топ құрып, содан бері аудандағы қайырымдылық шараларына атсалысып тұрады.

16 шілде күні газельшілер Исатай аудандық провизорлық стационарға 5 литрлік құтыдағы таза ауыз судың 300 данасын жеткізді. - Осындай қиын сәтте елмен бірге болу – азаматтық парызымыз. Қолдан келгенше науқастарға, олардың жанын арашалап қалуға барын салып жатқан ақ халатты абзал жандарымызға жәрдемдесу мақсатында 5 литрліктен 300 дана таза су әкелдік, - дейді ұжым өкілі Дәурен Айбарұлы. Ұжымдағы Кәрим Қаржауұлы, Батыржан Мәдиұлы секілді бастамашыл азаматтардың ұсынысына жұмыла кеткен исатайлық газельшілердің тек бұл емес, басқа да игі істерге атсалысып жүргенін көпшілік біле бермеуі мүмкін.

5

- Кемінде айына бір рет қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұру ұжымымыздың дәстүріне айналған. Соның ішінде мал сойып, етін жоқ-жітіктерге таратып немесе қаржылай да көмектесіп келеміз. Жылма-жыл қасиетті Рамазан айында аудандық мешітте ауызашар ұйымдастырып тұру да үрдісіміз. Халықпен араласып жұмыс жасаған соң, олардың мұң-мұқтажына да көңіл бөлген дұрыс. Оның үстіне еліміз індетке қарсы күш біріктіріп жатқанда, қалыс қала алмайтынымыз белгілі. Бастысы, осы қиындықты бірлесіп жеңіп шықсақ екен, - дейді Дәурен.

Дәл осылай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бастысы, бірлігімізден ажырамасақ, қай қиындықты да жеңеріміз анық.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT