Исатай ауданында медиация ерлі-зайыптылардың 21 жылдық некесін сақтап қалды.
Атырау облысының Исатай аудандық сотында неке бұзу туралы азаматтық іс қаралды. Бұл туралы аудандық соттың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.
Онда талап қоюшы сотқа берген талап арызында жауапкермен 1999 жылдан бастап заңды некеде тұратыны, ортақ некеден екі балаларының бар екені, мінездерінің сәйкес келмеуіне байланысты некені бұзуды сұрағандығы айтылған.
«Аталған азаматтық іс бойынша тараптар кәсіби емес медиатордың көмегімен медиациялық келісімге келді. Келісімге сәйкес, жауапкер жұбайына сыйластық танытуға және түсіністікпен қарауға міндеттенді, ал талап қоюшы некені бұзу туралы талабынан бас тартты. Сот ұйғарымымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, азаматтық іс өндірістен тоқтатылды. Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ» делінген жазбада.
Айта кетейік, Исатай ауданында биылғы 9 айда 25 азаматтан талап арыз түсіп, 14 неке бұзылған. 2 отбасы медиация арқылы татуласыпты.
Неке бұзу туралы арызданғандардың ең жасы 20-да болса, үлкені 54 жасар азамат екен.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Сурет: ашық дереккөзден