Жақында өткен республикалық «Онлайн Жұлдыз» байқауында Исатай ауданынан екі бірдей жас талант бақ сынаған болатын.
Дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оның ішінде ән, би, өнері арқылы ұлттық өнерді қадірлеп, құрметтеуге ықпал ету мақсатында өнерлі балаларды іздеп, халыққа насихаттау да бүгінде онлайн түрде жүзеге асып жатыр.
Осы бағытта жуырда juldyz.online.kz инстаграм парақшасында өткен «Онлайн Жұлдыз» байқауына біздің ауданымыздан екі бірдей жас талант қатысып, алғаш рет өткен сайыста өнерлері бағаланып, кәсіби мамандардан құралған әділқазы алқасының шешімімен жүлделі орындарға қол жеткізді. Бұл жайлы Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.
«Аталған сайыста «Жалын» мәдениет үйінің концертмейстері Айдана Бақытова жетекшілік ететін ән үйірмесінің оқушылары - 10 жастағы Ермұрат Мұстахим «Мұнайлы Астана» әнін орындап, 1 орын алса, 11 жасар Жанерке Кенжемұратқызы «Туған ел» әнімен 3 орынды иеленіп, арнайы дипломдарға қол жеткізген» делінген парақшада.
Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА