Исатайлық шаруа қожалықтары шабындықты бастады (+ВИДЕО)

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларымен бірге лимандарды аралап, шаруагерлердің қым-қуыт тірлігінің бір сәтіне куә болдық.

Көлтабандардағы көрініс төрт түліктің қыстағы қамы үшін шаруагерлердің тынымсыз тірлігіне толы.

- Бұнда шаруагерлер қолдарында бар техникасымен жұмыстарын қызу атқаруда. Жалпы мемлекет тарапынан осы лимандарға су шығаруға төленген қаржының сексен пайызын субсидиялау қарастырылған. Мал қыстағына қажетті азықтың қырық пайызы өзіміздің аудан көлемінен, қалған алпыс пайызы көрші облыстардан және көршілес Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан қамтамасыз етіледі,- дейді аудандық кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов.

«Бекет» шаруа қожалығының шабындық алқабында 4 трактор жұмыс жасап жүр. Біреуі шабушы, біреуі жинаушы, енді бірі пішенді тайласа, соңғы жұмысты ораманы тіркемеге тиеуші трактор атқарады. Шаруа қожалық басшысы Бауыржан Ғұбайдуллин «Қазсушар» мекемесімен 100 га жерге су шығару үшін келісім шартқа отырғанын айтады. Білгеніміздей, бұл алқаптан 2000 орама шамасында шөп орылады екен. - Қысқа дайындық - осы, мал азығын жинақтап жатырмыз. Биылғы ауа-райына қарасақ, алдағы қысқа шөп көп керек сияқты. Орылған шөптен өзімізге, қала берді бұрынғыша ауыл тұрғындарынан үш-төрт жағдайы төмен отбасыға көмек ретінде тегін таратамыз, - дейді шаруагер.

 

Механизатор жинаушы қамысқалалық Аманжол Сидеғалиев «Бекет» шаруа қожалығында 16 жылдан бері жұмыс жасайды. Қызу науқанда аптап ыстықтың өзін пысқыра бермейтін Аманжолға бұл тірлік бала күнінен таныс.

- Әке-шешеміз шаруа адамы болғаннан соң, бұл - бала кезден көріп өскен жұмыстарымыз. Біздің жалғап жүргеніміз - сол ата-анамыздың ізі. Осы шаруашылықта табан аудармай еңбек еткеніме он алты жыл болды. Жағдайымыз жақсы. Жалақы уақытылы беріліп тұрады. Мен өзім трактормен шабылған шөпті жинаймын, қасымдағы жігіттердің біреуі тайлайды, біреуі шабады, енді біреуі жинап тасиды. Әркім өз жұмысын біледі, - дейді ол.

Қамысқала ауылдық округіне қарасты «Дәуітов Нұрмұханбет» шаруа қожалығында төрт түлік мал түгел бар. Елге белгілі шаруагердің бүгінгі ұрпақтары ата жолын жалғауда. Он бес гектар көлтабанға су шығарған шаруалар енді шабындық алқабына шыққан шөпті қуратпай шауып алуға күш салуда. Шіліңгір ыстықта дала төсінде тер төгіп жүрген шаруагердің техникасы да көне көрінді.

- Х.Ерғалиев ауылы осыннан төрт шақырым жерде. Жылдағыға қарағанда биыл шүкір, он бес гектарды орып отырмыз, пайдасын көріп жатырмыз. Барымызша, әйтеуір, ағайындар болып жабылып, күннің райына қарамай, жұмыс жүріп жатыр. Бұйырса, алдағы мақсатымыз - жаңа трактор алу. Соған сала басшылары көмектессе дейміз, - дейді «Дәуітов Нұрмұханбет» шаруа қожалығының басшысы Сембай Дәуітов.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов техниканы сатып алуда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайында түсінік берді.

Ауданымыздағы шаруа қожалықтары негізгі мал азығын көлтабандарға су шығару арқылы алатыны белгілі. Бүгінгі күнде ауданның 13 шаруашылығы «Қазсушар» мекемесімен келісімге отырып, барлығы 627 гектар көлемінде лиманға су алды. Шаруагерлер жергілікті билік тарапынан қай уақытта да қолдаусыз қалып жатқан жоқ.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521