Исатайлық шаруагерлер дәрігерлерге азық-түлік апарды

Аты жаман аурумен айқастың алдыңғы шебіндегі дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсету бүгінде бар әлемнің міндетіне айналды.

Соны сезінген Исатай ауданының шаруагерлері аудан орталығындағы провизорлық стационарда күні-түні дамыл таппай, науқастарға шипа іздеп шырылдап жүрген ақ халаттыларға азық-түліктер мен керек-жарақтарын жеткізіп, аудан халқының ыстық сәлемін жолдады.

0

- Бір Аллаға сыйынып, жанын шүберекке түйген науқастарымыздың бір сенері осы дәрігерлер ғой. Сағатпен санаспай, індетпен күресте барын салып, жеке өмірі, отбасы, бала-шағаларына арнайтын уақыттарын осындағы ауруларға арнап жатқан жанкешті мамандарға біз әрқашан қарызбыз, - дейді шараға бастамашы болған фермерлер одағының аудандық филиалы төрағасы Самат Бисенов.

– Жақында облыстағы фермерлер одағы бастама көтеріп, дәрігерлерге қолдау білдіру мақсатында «Шаруагерден – дәрігерге!» атты қайырымдылық шарасын қолға алған болатын. Сол игілікті істің жалғасы ретінде исатайлық шаруагерлердің басын жиып, аудан дәрігерлеріне қолдауымызды білдіріп, жақсылықта жұмылуды ниет еттік, - дейді ол.

Шаруа қожалықтары атынан келген азық-түліктердің ішінде қой еті, жеміс-көкөністер, басқа да қажетті заттардан 100-ге жуық медициналық маска, 15 дана бір реттік қорғаныш киімі, антисептиктер бар. Оларды аудандық аурухананың қоймашысы Сағия Хамзина қабылдап алды.

0

Айта кетейік, күні бүгін аудандағы провизорлық стацианарда аурушылық деңгейі әртүрлі 17 науқасқа 2 дәрігер, 3 медбике, 3 санитарка қызмет көрсетуде.

0

Фермерлер одағы аудандық филиалы төрағасының айтуынша, бұл дәрігерлерге жасалып отырған қолдау шараларының басы ғана. Самат Бисенов шаруагерлердің әлі де осындай игі істердің қасынан табылатынына сенімді. Бұл бастаманы аудан кәсіпкерлерінің іліп әкетпекші екенін естіп бір қуандық. Қуанбағанда ше? Аты өшкір әлгі ауруды осылай бірлесіп күрессек қана жеңеміз. Ендеше бірліктен ажырамайық!

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521