Атырау облыстық "Jas Otan" жастар қанатының ұйымдастыруымен өткізілген «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясына 30 дәрігерге аудан еріктілері алғыс айтып, азық-түлік пакеттерін ұсынды.
Акцияны Исатай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арманбек Махмудов сөз сөйлеп ашты.
- Құрметті ақ халатты абзал жандар, бүгінгі акция «Дәрігерге мың алғыс» деп аталады. Өйткені, еліміздегі эпидемиялық жағдайды сіздерден артық білер жан жоқ. Қазір елімізде көрінбейтін жаумен күрес жүріп жатыр. Осы күресте халқымыздың денсаулығы жан аямай еңбек етіп жатқан сіздерге халқымыз, ел тұрғындары алғысын жолдауда. Акцияға үн қосқан аудандағы «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, аудандық жастар ресурстық орталығының жастары сіздерге алғыстарын айтып жатыр, - дейді ол.
Аудан жастарының ыстық ықылысына, алғысына риза болған аудандық емхананың педиатры Сәуле Қайреденова да өз ризашылығын білдірді.
- Құрметті еріктілер, бүгінгі күні эпидемиялық ахуалға байланысты қызмет етіп жатқан аудан дәрігерлерін қолдап, еңбектерімізді бағалап жатқандарыңызға мың алғыс. Аты жаман індетпен күрес кезінде жылы сөздеріңізбен демеп жатырғандарыңыз дәрігерлер қауымына үлкен күшпен тең. Еңбектеріңізге табыс тілейміз, "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан" деп Абай атамыз айтқандай, еліміздің бір-бір кірпіші болып қаланып, туымызды биікте қалықтата беріңіздер, - деді көрсетілген құрметке жылы лебізін білдірген ақ халатты тәжірибелі маман.
Акция соңында жастар азық-түлік пакеттерін дәрігерлерге өз қолдарымен табыстап, ары қарай жұмыстарына шыдамдылық пен төзімділік тіледі.
Әділбек СЫРЫМОВ