Отбасылар күні қарсаңында Исатай ауданында «Отбасыға көмек» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын.
Әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмектесу мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы ұжымы және орталық жанынан құрылған «Isataiayala» еріктілер тобының бастамасымен өткен акцияда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің еріктілері де ақшалай көмек жасап, өз қолдауларын білдірді.
Акция нәтижесінде ауданымыздағы әлеуметтік аз қамтылған, тұрмыс түйткілімен бетпе-бет келген барлығы 5 отбасыға (Аққыстау ауылынан - 3, Тұщықұдық ауылынан - 2) азық-түлік себеттері үлестірілді.
Жастардың жәрдеміне риза болған тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Бұған дейін де сауапты істің талайын жасап жүрген аудан жастары бұнымен тоқталып қалмай, алдағы күндерде де осындай қайырымдылық шараларын өткізіп отыру жоспарларында бар екенін жеткізді.
Әділбек СЫРЫМОВ