Құттығұл Мұқанбетқалиевтың 85 жылдығына орай «Өмірі ұрпаққа өнеге» атты кездесу кеші өтті.
Аудандық музей басшылығының ұйымдастыруымен Қазақ КСР денсаулық сақтау ісінің үздігі, хирург-дәрігер Құттығұл Мұқанбетқалиевтың 85 жылдығына орай өткен басқосуға марқұмның қызы, Аққыстау ауылдық округінің бас маманы Сәуле Құттығұлқызы және 70-80 жылдары денсаулық сақтау саласында қызметтес болған, бүгінде зейнет жасындағы еңбек ардагері Әллаз Төлегенова, сондай-ақ аудандық ауруханының жас медбикелері қатысты. Кеш барысында Құттығұл Қомпанұлының өнегелі өмірі, денсаулық саласындағы атқарған еңбегі, естелік әңгімелері кеңінен сөз болды.
Әллаз Төлегенова, еңбек ардагері:
- Құттығұл ағай көпті көрген қарапайым азамат болды. Өз ісінің шебері, қолы жеңіл әрі өз кәсібін сүйіспеншілікпен атқаратын. Қызметтес болған жылдарда алдына ем іздеп келген науқастарға бар көмегін көрсетіп, талай жанның алғысын арқалады. Ол кісі дәрігер-хирург, мен көмекші медбике болдым. Күніне 4-5 ота жасайтын кездеріміз болды. Сондай күндерде ағай «шаршадым» деген сөзін еш айтпайтын. Құттығұл ағаймен бірге жұмыстас болған, қызметтес қарындасы ретінде бүгінгі кездесуді ұйымдастырып отырған аудандық музей басшылығына өз алғысымды білдіремін.
Сәуле Құттығұлқызы, Құттығұл Мұқанбетқалиевтың қызы:
- Әкеміздің «Шипалы қолды Құттығұл» дәрігер атағын алғанын көбі біле бермейді. Десек те, денсаулық сақтау саласындағы еңбегі жайлы бүгінгі кездесуде кеңінен айтылып, қатысып отырған аудандық аурухананың кіші буын медбике мамандарына, өскелең ұрпаққа айтылып жатыр. Әкеммен қызметтес болған, денсаулық сақтау ісінің қызығы мен шыжығын бірге көрген зейнет жасындағы еңбек ардагері Әллаз апамызға да бүгінгі кездесуге келіп, өз естеліктерімен бөлісіп жатқанына өз ризашылығымды білдіремін.
Әділбек СЫРЫМОВ