Бүгін исатайлықтар Ұлттық домбыра күніне орай облыстық деңгейде ұйымдастырылған «Еркін елдің ерке дауысы – домбыра» атты челленджді Мақат ауданынан қабылдай отырып, киелі өнер қонған Индер ауданына жолдады.
Аудан орталығында орналасқан «Qazaq eli» елі саябағында бас қосқан «Исатай ауданының домбырашылар» ансамблі композитор, дирижер Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» атты күйін орындады.
Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық білім бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен мерекелік челлендж елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты тұрғындар назарына әлеуметтік желі арқылы ұсынылатын болды. Бүгінгі челленджде сөз алған өнер иесі ардагер Жансих Маштахов, қазақтың қасиетті домбыра күнінің аталып өтуі ұлтымыздың үні мен дәстүрінің жаңғыруына жол ашатынын айтады.
- Бүгінгі мерекелік шара болашақ жас ұрпақтың бойына ұлағаты мол із қалдырады деген ойдамын. Қара домбыраның қоңыр даусын күмбірлеткен облыстық деңгейде ұйымдастырылған бұл челлендж қазақ халқының ұлттық мұрасы қасиетті домбыраны ұлықтап, жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіретін болады. Міне, бүгін исатайлықтар болып, «Еркін елдің ерке дауысы – домбыра» атты челленджді Мақат ауданынан қабыл алып, Индер ауданына жолдап отырмыз, - дейді «Исатай ауданының домбырашылар» ансамблінің мүшесі Ж.Маштахов.
Әділбек СЫРЫМОВ