Іштегі індетпен күрес

сурет ашық дереккөзден

 

Бүгінде Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі – мемлекеттік дамудың негізгі проблемаларының біріне айналып отыр. Бұл құбылыс тек ішкі басқару мен экономикаға ғана емес, халықаралық деңгейдегі бедел мен елдің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер ететін өте қауіпті фактор саналады.

Елімізде бұл мәселемен жүйелі түрде күресу үшін мемлекеттік деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында және маңызды баяндамаларында бұл дертпен ымырасыз күрес қажеттігін қадап айтып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің орнықты дамуы мен әділ қоғам құру жолында сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс.Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық тек бір елдің ішкі проблемасы емес, ол жаһандық сипат алып барады. Әлемнің бірде-бір елі сыбайлас жемқорлық мүлде жоқ деп айта алмайды. Экономикасы дамыған, құқықтық жүйесі жетілген мемлекеттердің өзі бұл мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан дамыған елдер жаңа сын-тегеуріндерге төтеп беру үшін өздерінің құқықтық жүйесін жетілдіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды қатаңдатып, ашықтық пен есептілік қағидаттарын күшейтіп жатыр.

Халықаралық ұйымдардың зерттеулері мен рейтингтері де елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің мемлекеттің халықаралық имиджіне тікелей ықпал ететінін көрсетіп отыр. Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ күресі болуы тиіс екенін дәлелдейді. Сыбайлас жемқорлықтың салдары – тек жеке адамның заң бұзушылығы ғана емес, ол – экономикалық тұрақсыздық, инвестицияның азаюы, кадрлық жүйенің бұзылуы, әлеуметтік әділетсіздік және халықтың наразылығы. Салдарымен күресу – тым кеш. Ең бастысы – алдын алу, алдын алу және тағы да алдын алу. Бүгінде Қазақстанда бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр.

Мемлекеттік сатып алулар мен қызмет көрсету салаларына цифрландыру енгізіліп, барлық шешімдер ашық платформада жариялануда. Мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктер қоғамдық кеңестермен және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп отыр. Жастарды адал еңбекке баулу, мектеп пен жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие беру, «пара – қылмыс» екенін ерте бастан ұғындыру – жемқорлықсыз болашақтың негізі. Бұл тұрғыда отбасының, ұстаздың және қоғамның тәрбиелік рөлі өте жоғары.Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ – тек арман емес, ол – бірлікпен, жауапкершілікпен қол жеткізілетін шынайы мақсат.

 

Алтынбек ҚУАНҒАЛИ,
аудандық құрылыс бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT