Іскер әйелдерге қолдау бар

Наурыз айында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған болатын.

Орталық кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңы және онда стартап-жобаларды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызмет көрсетіледі, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен нетворкинг-іс-шараларға қатыса алады. 

Жуырда аталған орталықтың кеңесшісі Гүлнафис Ерсайынқызы іс-сапармен келіп, аудандағы  кәсіпкер әйелдер үшін семинар-тренинг  ұйымдастырды.

Семинарда «Атамекен» ҰҚП Исатай ауданы бойынша филиалының басшысы Нұрым Мусин Атырау облысы бойынша 26 мыңнан астам нысанның иесі әйел кәсіпкерлер екенін, қазіргі таңда түрлі бағдарламалар аясында беріліп жатқан қайтарымсыз гранттардың, несиелердің игерілуінде әйел кәсіпкерлердің үлесі жоғары екенін айтты. Оның айтуынша, осыдан он шақты жыл бұрын статистикалық көрсеткіштер қазіргіден төмен болған. Бүгінде әйел адамдардың кәсіппен айналысуға ынталары өскен.  

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Гүлнафис Ерсайынқызы орталық «Атамекен» ҰҚП базасында 15-наурызда ресми түрде ашылғанын атады. Ол Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында еліміздің басқа да өңірлерінде ашылған, бастама Азия Даму Банкінің (АДБ) қаражаты есебінен қаржыландырылып және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асыратын көрінеді.

img_5161

Оның айтуынша, орталықтың мақсаты – кәсіпкер әйелдерді ақпараттандыру ғана емес, сондай-ақ жобаларды нақты қолдау және сүйемелдеу. Әйелдер бизнесін дамытуға бағытталған зерттеу, маркетинг, оқыту және басқа да іс-шаралар өткізіледі.

- Біздің қазіргі мақсатымыз – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша ауылдық жерлердегі әйелдердің басын құрап, кооперативтер құру. Бірақ біздер қаржыландырмаймыз, тек оқытамыз, кеңес береміз. Ауыл шаруашылығына арналған бизнестің 20 шақты түрі бар, басқа да бизнестің түрлері бар. Атырау облысында көбінің оқитыны тігін. Атырау қаласының өзінде 50 шақты тігінге қатысты жоба бар. Бұның барлығы өзіміздің қолымыздан келеді. Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақ халқы жеңіл өнеркәсіппен өздері айналысты, ешкімге тәуелді болған жоқ,  сол ата-бабамыздың салып кеткен сара жолын қайта жалғастыруымыз керек. Ол үшін шағын және орта кәсіпкерліктерді жандандырып, оның дамуына әрбіреуіміз үлес қосуымыз керек. Біздің де мақсатымыз – қазақ әйелдерінің, соның ішінде ауылдық жердегі әйелдердің өндірген өнімдерін экспортқа шығарғанға дейін жағдай жасау, олардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары аясында жеңілдікті кредиттер мен гранттар беруге, әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, - дейді ол.  

Еркін пікір алмасу түрінде өткен семинарда қыз-келіншектер кәсіпке қалай келгендерін, бизнесті қалай жүргізіп жатқандарымен бөлісті. Мәселен, қамысқалалық Разиға Шакесова бұрын мал шаруашылығымен айналысып, кейін ауыл шаруашылығы өнімдерін саттыққа шығарып, табыс таба бастайды. Қазір ауылда жеке шағын дүкені бар.

img_5173

Ал, бұрын ТШО-да эколог болып жұмыс жасаған жанбайлық Гүлжихан Кенжалиева жұмыстан босап қалғанына алғашында қатты алаңдаған, кейін тәуекел етіп кәсіп бастап кеткен. «Қазір ауысымдық жұмысқа барғым келмейді»,-дейді ол.

Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Мақпал Есенова ертеректе отбасымен бірге Аққыстау ауылынан қонақ үй ашып кәсіп бастаған, кейін ауылда ірі сауда орындары, үлкен қонақ үйлер ашылып, бәсекеге төтеп бере алмаған. Қазір алғаш кәсіп бастаған ғимараттары бос тұр. Алайда, кәсібін орта жолдан үзуді қаламай, қайтадан ауыл орталығынан жаңа, екі қатарлы ғимарат салып, бизнесін қайта жандандырған. Қазіргі таңда «ғимаратты жалға беріп отырмыз»,-дейді кәсіпкер әйел.

img_5175

Гүлнафис Ерсайынқызы семинарға қатысқан қыз-келіншектерге бизнестегі өз тәжірибесімен бөлісе отырып, жаңадан бизнес бастап жатқан, кәсібі жүріп тұрған іскер әйелдерге құнды кеңестер берді.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты Ақкүміс Аманбаева белсенді кәсіпкерлер Ақайна Шамгулова, Разиға Шакесова, Ақмарал Тахаева, Нұрлыгүл Суюнова, Жаңылсын Уайсова, Гүлжихан Кенжалиеваларға алғыс хат табыстады. 

Өз тілшіміз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521