«Телеграммдағы» қызу пікірталастардың бірінде аудан әкімдігі басшылығы түйткілді желіден емес, тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп шешуді жөн көрді.
Жиын аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сағат 17.00-ге белгіленді. Ел көкейіндегіні білейік деп біз де жеттік сол араға. Сөйтсек, әлгі жерге ауданның қос орынбасары бастаған оншақты басшы мен екі-ақ тұрғын келіпті. Тұрғындардың бірі Өркен ауылында тұратынын, 2012 жылы салынған үйіне су, газ кірмегендігін қынжыла айтып, себептерін сұрады. Ауылдағы жол, жарық мәселесін де, құрылыс орындарында қауіпсіздікті болдырмау үшін ұқыптылықтың қажет екендігін де сөз қылды. Мәселенің мән-жайын түсіндірген мамандар барлық істің де заңға сәйкес, кезең-кезеңімен атқарылатынын жеткізді.
- Жасалып жатқан жұмыс жоқ емес, алайда, тұрғындар да бізге көмектесуі тиіс, - дейді аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов. – Күні кеше орталықтағы «Қазақ елі» аллеясының ішіне шағын ескерткіштер қойылды. Тіпті, «Домбыра» мүсінін бекітіп үлгерместен сол жерден өтіп бара жатқан кішкентай екі бала домбыраны екі жағынан тартып жатыр. Қасындағы анасында үн жоқ. Амалсыз: «Әй, бала, түс!» дедім айқайлап. Жаңадан үнсіз кетіп бара жатқан әйел адам осы уақытта ғана маған бұрылып «Неге менің балама сөйлейсіз?» демесі бар ма? «Онда балаларыңызға сіз неге айтпайсыз? Біз бұны әлі қондырып үлгерген жоқпыз ғой» дедім таңырқап.
Осылай деген аудан әкімінің орынбасары бұның бәрі аудан тұрғындары үшін жасалып жатқан игі іс екендігін, енді күтіп ұстау халықтың сана-сезіміне тікелей қатыстылығын айтты.
Сөздің жаны бар. Әйтпесе, "Ардагерлер" саябағындағы ескерткіш тақталарды жұлып алып тастап, Өркен ауылына апаратын тротуар бойындағы көше шамдарын тас-талқан қылып қиратып жүргендер айдаладан келген жоқ, өз балаларымыз ғой.
Сосын, ағайын, «Телеграммда» тартысып қана қоймай, уағдаласқан жиынға да бас сұғып тұрайық. Әйтпесе телефон пернетақтасынан тере берсе, кім-кімге де әңгіме көп қой. Мәселені жүзбе-жүз, тілдесіп, бірлесіп шешейік те?
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ