«JASTAR – CUP 2026» турнирінде «Барыс» командасы күміс жүлдеге ие болды

 

Спорт – жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, мінез-құлқын қалыптастыратын, табандылық пен тәртіпке баулитын маңызды сала. Әсіресе командалық спорт түрлері балалардың бірлікке, жауапкершілікке және жеңіске деген жігерін арттырады. Осындай жарыстар арқылы жас спортшылар өз мүмкіндіктерін сынап, тәжірибе жинақтап, болашақ үлкен жетістіктерге алғашқы қадамдарын жасайды.

 

 

Биылғы жыл аудан спортындағы жағымды жаңалықтармен басталды. Соның бірі 24–25 қаңтар күндері Ақтау қаласында 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасында футзалдан «JASTAR – CUP 2026» республикалық турнирінен ауданымыздың жас аяқдопшылары ІІ орынды иемденді. Жас футболшылардың шеберлігін шыңдауға бағытталған жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 8 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Исатай ауданындағы «БАРЫС» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының шәкірттерінен құралған «Барыс» командасы турнир барысында жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Топтық кезеңде қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, өз тобынан І орынмен жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда «Барыс» командасы «Самға» ұжымымен кездесіп, тартысты өткен ойында 4:1 есебімен айқын жеңіске жетті. Финалдық кездесуде «NS Club» командасымен негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түсіп, матчтың тағдыры пенальти сериясында шешілді. Өкінішке қарай, пенальтиде сәттілік қарсылас жақтан болып, «Барыс» командасы турнирдің күміс жүлдегері атанды. Турнир қорытындысы бойынша «Барыс» командасының ойыншысы, Атырау облысы, Исатай ауданы, жалпы білім беретін Ғибатолла Мәсәлімов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Өтебай Мейіржан «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды. Команда  жаттықтырушысы Айбол Бисенбаев, ел намысын әлемдік додалаларда қорғайтын жас аяқдопшылардың өсіп келе жатқанын қуанышпен жеткізді.

 

 

-Бұл турнир біз үшін үлкен тәжірибе болды десем артық айтқаным емес. Балалар алаңда бар күш-жігерін салып, командалық рухтың, тәртіп пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Финалда аз ғана сәттілік жетіспеді, бірақ күміс жүлде — біздің еңбегіміздің нәтижесі. Алда әлі талай жарыстар бар, осы бағытта жұмысты жалғастырамыз. Командама, ата-аналарға және тілеулес болған барша жанашыр жандарға алғыс айтамын,-деді жаттықтырушы.

 

 

«Барыс» командасының бұл жетістігі Исатай ауданындағы балалар спортының дамып келе жатқанын көрсетіп, жас футболшыларға жаңа серпін беріп қана қоймай, олардың алдағы уақытта республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда аудан абыройын асқақтатарына зор сенім ұялатады.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT