«Jastar football cup» турнирі салауатты өмір салтын насихаттады

суреттер автордікі

 

Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудан мекемелері арасында «Jastar football cup» атты кіші аяқ доптан жолдастық турнир өткізілді.

 

 

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрым Мусин, арнайы іс сапарымен келген облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Сыдықов, аудан прокуроры Асылан Тұрғанов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин қатысып, жарысқа жиналған спортшыларға сәттілік тілеп, ізгі ниеттерін жеткізді.

 

 

Жарысқа жалпы 8 команда қатысып, өзара тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Атап айтқанда, турнирге «Дербес бөлімдер», «Полиция бөлімі», «Исатай Өнер», «Құтқарушылар», «Жанбай шекара», «Емхана», «Округ» және «ЖайықМұнайГаз» командалары бақ сынады.

 

 

Тартысқа толы ойындар нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды округ әкімдіктерінен құралған команда иеленсе, ІІ орынды «Дербес бөлімдер» командасы қанжығаға байлады. Ал турнирдің бас жүлдесі мен чемпиондық атақты тамаша ойын үлгісін көрсеткен «ЖайықМұнайГаз» командасы жеңіп алды.

 

 

Сонымен қатар турнирдің жекелей номинацияларында да үздіктер анықталды: «Үздік қорғаушы» атағы «ЖайықМұнайГаз» командасының ойыншысы Ғұбайдуллин Бақтиярға бұйырса, «Үздік қақпашы» болып «Дербес бөлімдер» құрамасының қақпашысы Айбол Жолдасов танылды. Ал «Үздік шабуылшы» номинациясын «Округ» командасының ойыншысы Маратов Алмаз иеленді.

 

 

Аталған турнир салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, аудан мекемелері қызметкерлері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосты. Осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастар арасында спортты дамытуға серпін беретіні сөзсіз.

 

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT