Бүгін Шәріпов саз мектебінде орналасқан №139 сайлау учаскесінің мүшелері дауыс беруге өтінім жасаған 13 сайлаушының үйлеріне арнайы барып, дауыс жинау жұмыстарын жүргізді. Бұл шара – денсаулығына немесе жасы ұлғайғанына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен бара алмайтын азаматтарға көрсетілген қолдау.
Үйден дауыс берген азаматтар қатарында 53 жастағы Сүлейменов Серік, 79 жастағы Нұрғалиева Қамажай және 88 жастағы Үмбетова Жаңыл есімді ардагерлеріміз бар.
Сайлау комиссиясы түстен кейін арнайы жәшіктермен аталған мекенжайларға барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырды. Өз таңдауын жасаған тұрғындар сайлау процесіне қатысу – ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтың парызы екенін айтты.
– Біз де осы күнді асыға күттік. Еліміздің ертеңіне сеніммен қарап, өз таңдауымызды жасадық, – деді үлкендердің бірі ризашылықпен.
Сондай-ақ №133 сайлау учаскесіне үйден дауыс беруге өтініш білдірген Ермеков Ишанғали өз таңдауын үй жағдайында жасады. Сонымен қатар ардагер теміржолшы, ел игілігі жолында жылдар бойы тер төккен Кисметов Нутифолла да саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық борышын орындады.
Сала ардагерлерінің бұл қадамы — ел болашағына бейжай қарамайтындықтарының айғағы.
Мұндай қамқор қадамдар – сайлаудың барша азамат үшін қолжетімді әрі әділетті өтуіне бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.
Сағыныш ҚАЙЫР