ҰЙЫМДАСА БІЛГЕН ҰТАДЫ

суреттер автордікі

 

Сейсенбі күні аудандық ішкі сая-сат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен маңызды жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің төрағалығымен өткен бұл басқосу ауданда жұмыс жасап жүрген үкіметтік емес ұйымдардың  қазіргі ахуалын саралап, болашақ бағытын айқындауға бағытталды.

Басқосудан белгілі болғандай, ауданда тіркелген 18 үкіметтік емес ұйымның тек төртеуі ғана белсенді жұмыс істеп тұр, ал қалған ұйымның қызметі тоқтап тұр. Бұл  ұйымдардың 85 пайызға жуығының белсенділігі төмен екенін көрсетеді. Кездесу барысында осы түйткілдің түйінін тарқату, ҮЕҰ қызметін жандандыру жолдары, мемлекеттік гранттар мен жобалық қолдаулар туралы кеңінен сөз қозғалды.

Жиынның мақсаты – азаматтық қоғам институттарының жұмысын жүйелеу, үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара әріптестікті күшейту, сондай-ақ мемлекеттік қолдауға қол жеткізу тетіктерін түсіндіру болды. Іс-шараға арнайы шақырылған қонақ, «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының белсендісі Дәурен Жәрдемов  облыс көлемінде  жүргізіліп жатқан әлеуметтік жобалар туралы баяндады. Ол ҮЕҰ-дар қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір рөлін атқаратындығын айтып, мемлекет тарапынан нақты қолдаудың қажеттілігіне тоқталды.

 

 

– Бүгінде үкіметтік емес ұйым – жай көмек көрсетуші емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосатын стратегиялық әріптес. Сондықтан ҮЕҰ өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау тетіктері тиімді іске асуы керек, -деді ол өз сөзінде.

Дәурен Жәрдемовтің айтуынша, қордың басты бағыты – әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау, инклюзия, еріктілік пен қайырымдылық бағытындағы жобаларды жүзеге асыру. Ол мүгедектігі бар жандарды қоғам өміріне бейімдеу бойынша арнайы жобалар жүргізіліп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде облыс көлемінде мүгедектігі бар жандарға арналған лагерь іске қосылған. Бұл жерде олар күнделікті өмірге қажетті машықтарды үйреніп, өзін-өзі күту, қоғамда еркін қозғалу, ортада өзін-өзі ұстау сияқты дағдыларды меңгеруде.

Кездесуде «Қамқор» қайырымдылық қорының төрайымы Эльза Ақжігітова, Исатай ауданы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Ақмарал Тахаева, «АзаТ-АЗАМАТ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербол Ақтанов, «Шапағат» қайырымдылық қоғамдық қорының төрайымы Сандуғаш Таутанова, «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бибінұр Сапаева, сондай-ақ жастар ресурстық орталығының мамандары қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

 

 

Көпшіліктің ортақ ұсынысы – жобалық өтінімдер жазу, грант иемдену, жобаны қорғау бойынша арнайы оқыту семинарлары мен практикалық қолдаудың қажет екендігіне тоқталды. Себебі идея бар, бірақ оны жүзеге асыруда тәжірибе жетіспейді. Сонымен қатар ұйымдар арасындағы серіктестікті нығайту мақсатында тимбилдинг бағытындағы кездесулер мен пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру ұсынылды. Жиын соңында ұйым өкілдері бір-бірімен байланыс орнатып, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT