Аттың жалында, түйенің қомында ер жеткен қазақ халқы үшін тұлпар дүбірі тек бәйге емес, рухтың жаңғырығы. Өткен аптада ауданымызда болған аламан бәйге осы сөздің айғағындай еді. 1 мамыр – Бірлік күнінде аудандағы 7 ауылдық округтің 2005 жылғы мектеп түлектерінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл дүбірлі дода елді бірлік пен татулыққа ұйыстырған ұлағатты шараға айналды.
«Атырау-Астрахан» тас жолының бойында, киелі дала төсінде өткен бәйгеге тек аудан тұрғындары ғана емес, көршілес Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандарынан да саңлақ сәйгүліктер келіп, бақ сынады. Аттың жай-күйін айтпай-ақ танитын көкірегі ояу қазақ баласы бұл сәтте делебесі қозып, тұлпардың тұяғына дем беріп отырды. Нағыз аламанның сәні келді, рух көтерілді. Көк майсада тігілген ақшаңқан киіз үйлер, бүрмелі шапандар, сырмақ пен текеметтің иісі – бәрі де қазақы болмысты айшықтап тұрды. Безендірілген сахнада күмбірлеген күй, әуелеген ән жүректерге жол тауып, салт-дәстүріміздің қадірін тағы бір мәрте ұқтырды.
Жиынды аудан әкімі Нұрым Мусин ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың елдік іске жұмылғанын – өнегелі үрдіс деп бағалады. Мұнан соң тай жарысы басталып, тұщықұдықтық шабандоздың аты алдына қара салмай, бірінші болып келді. Бұл – ауылдың атын шығарған мәртебелі сәттердің бірі болды. Құнан бәйгеде де тартыс шабыспен жалғасты. 9 шақырымға үш айналыммен шапқан құнандар арасында шын жүйріктер ғана суырылып шықты. Ал нағыз сынақ 24 шақырымдық аламан бәйгеде өрбіді. Сегіз айналымдық ұзақ жолда шабандоздар тек аттың емес, өзінің де жігерін сынға салды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген халық даналығы тағы бір дәлелденді: шыдамдылықпен шапқан жүйріктер мәреге біртіндеп жетіп, жеңіс тұғырына Индер ауданынан келген сәйгүлік көтерілді. Жарыс соңында жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталып, үздіктер марапатталды. Қуанышты сәтті әрлей түскен бір жайт – 20 жылдық түлектер арасынан шыққан азаматтардың демеушілік жасап, тай мен қой, ақшалай сый ұсынуы еді. Мұның бәрі ел ішіндегі ынтымақ пен жомарттықтың айқын көрінісі. Ал ұстазға деген құрметтің үлгісі ретінде түлектер ұстаздары Бұрхан Оралбековке жылқы мінгізіп, шапан жапты. Бұл – шынайы қазақы тәрбие мен тектіліктің белгісі. Жиналған жұртшылық көңілді тарқасты. Ұлттық рухты көтерген, ел бірлігін ұлықтаған бұл шара – бүгінгі ұрпақтың кешегіні ұмытпай, ертеңге аманат етерлік істерге бейім екенінің белгісі болды.
Ат дүбірі алыстағанмен, ел жүрегінде қалған рух – мәңгі.
Сағыныш ҚАЙЫР