Қамысқалалық балалар қуанышқа кенелуде.Себебі балалар ойын алаңының ашылуы – ауылымыз үшін айтулы оқиға. Бүлдіршіндер бос уақытын спортпен шұғылдануға арнап, физикалық қабілеттерін дамытады.
Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оларды көзден таса қылмай, үнемі қамқорлық жасап, дені сау, сергек болып жүрулеріне жағдай жасалуы керек. Қамысқалалықтар үшін, бүгінгі бейсенбі берекелі басталды. Олай айтуымызға себеп, ауыл шетінен жаңа кіші аяқдоп алаңы мен балалар ойын алаңшасының ашылуы ауыл жастарын қуанышқа кенелтті. Ж.Айтбаев пен А.Жұбанов көшесінде салынған жаңа нысанның ашылу салтанатында Қамысқала ауылдық округ әкімі Рафиғат Тажиденова ауыл жастарын құттықтап, ауыл халқына салауаттылықты насихаттауда үлес қосуды тіледі.
Сондай-ақ, аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали тұрғындарға жылы лебізін жеткізіп, тағы да осындай нысандардың көбеюіне ниет білдіріп,осы бағыттағы жұмыстар алда да жандана түсетінін тілге тиек етті.
Жаңа нысанның лентасын ауыл ардагері, зейнеткер Дариға Сахипова мен көп балалы ана Жұмазия Дәрменбаева қиды. Тәттіден шашу шашылып, жиылған көпшілік дән риза.
Айта кетейік, осы кіші аяқ доп алаңының құрылысын жүргізген «Айком» ЖШС мердігер мекемесі,оның жоба құны 13млн теңге құрайды. Ал балалар ойын алаңша құрылысына 9 млн теңге қаржы бөлініп, «Barys.kz» ЖШС мердігер мекемесі уақытылы аяқтаған.
Сағыныш ҚАЙЫР