Қамысқалада жаңартылған емхана іске қосылды

Адамдардың денсаулығын сақтауда ақ халатты дәрігерлердің атқаратын рөлі зор болса, ал халыққа медициналық қызмет көрсетуде емхананың алар орны ерекше.  Қамысқала ауылдық  дәрігерлік амбулаториясы жаңарып, қайтадан іске қосылды.

Емхананың тұсау кесу  рәсімінде алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежанға берілді. Ол:

-Қайырлы күн, құрметті қамысқалалықтар! Баршаңызды көптен күткен, күрделі жөңдеуден өткен ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатымен құттықтаймын! Алдымызда ақ  халатты абзал жанды дәрігерлердің үлкен мерекесі келе жатыр, кәсіби мереке қарсаңында сіздерге жақсы бір сый болғалы тұр деп есептеймін.  Тұрғындарын денсаулығын сақтауда мігірсіз еткен еңбектеріңізге табыс тілеймін, тек халықтың  алғысына бөлене беріңіздер,- деп  жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, салтанатты жиынға аудандық емхана басшысы –Бекболат Қуанышев пен әр түрлі саладағы дәрігерлер мен орта буындағы медициналық қызметкерлері қатысып, құттықтау тілектерін жеткізді. Өткен жылы Қамысқала ауылдық дәрігерлік амбулаториясын «Иман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрделі жөңдеуден өткізуді қолға алған болатын. Толықтай күрделі жөндеуден өткізілген дә­рігерлік амбулаторияда күні бүгіндері 1 дәрігер, 17 медбике, 1 көлік жүргізуші, 6 техникалық қызметкер еңбек етіп, 10 орынды күндізгі емдеу стационары жұмыс істеуде.Шарада дантист және аға медбике Гүлнұр Кулесова емханаға келушілерді ішкі медициналық құрал жабдықтарымен, арнайы бөлімдермен жеке-жеке таныстырып, аралатып шықты. Аралау  барысында ауылдық амбулаторияның күндізгі емдеу стационарында жергілікті ауыл тұрғындары да күнделікті ем қабылдап жатқанын көрдік. Ем алушылармен сөйлескенімізде, олар ақ халатты абзал жандарға деген ризашылықтары шексіз екені жеткізіп, қуаныштарымен бөлісті.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, бізде Қамысқала дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Күлаш Нұрмановамен аз-кем сөйлескен едік:

– Ауылдық дәрігерлік амбулаториямызда өткен жылы 113 млн теңге қаржының көлемінде жөңдеу жұмыстары жүргізілді. Емханамыздың іші де, сыртқы келбеті де толықтай жаңарды. Бұдан бөлек, екпе алу кабинеті, химизатор, стоматология, әйелдер кеңесі және күндізгі бөлімдер мен тағы басқа кабинеттер стандартқа сай қалыпқа келтірілді. Ыстық су,кәріз жүйесі барлығы жаңартылды. Ғимаратымыздың іші жылы әрі жарық.Өзіміз де оған дән ризамыз,- деді ол да қуанышын жасыра алмай.

Сондай-ақ шара соңында біз ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бекболат Мусинді де сөзге тартқан едік.

-Әрине, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуден өтіп, жаңарғаны үшін бек қуаныштымын. Халықтың игілігіне жарап, бұдан былай ұдайы қызмет көрсете беруіне тілектеспін. Ендігі бір ескере кетер ең өзекті жайттың бірі- заманауи құрал-жабдықтарға мән берілсе жақсы болар еді. Президентіміздің,Үкіметіміздің ауылдық жерлердегі дәрігерлік қызмет көрсететін нысандарды жаңғырту  немесе емхана жоқ жағдайда жаңадан салу, оларды жарақтандыру туралы ауқымды жоспарлары бар екенін теледидардан көріп, баспасөз беттерінен оқып жатамыз. Солардың толықтай жүзеге асуын үлкен үмітпен күтеміз. Бастысы, жергілікті жерлерге, ауылдарға білікті дәрігерлердің келіп, орнығып жұмыс жасаса, бір жағынан оларға қолайлы жағдайлар  жасалып тұрақталса, игі іс болары екені даусыз,-деген ол өз ұсыныс-пікірін ортаға салды.

 

                                                                                                                                       Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT