Әр аптаның бейсенбісіне ұласқан мерекелік сазды бағдарламаны аудан тұрғындары асыға күтетінді әдетке айналдырған. Уақытынан бұрын «Тәуелсіздік» алаңына жиналып, ауыл өнерпаздарын ерекше ықыласпен асыға күтеді. Ал, бұл жолы –қасиет пен кие қонған Зинеден ауылы өнерпаздарының еншісінде болды. Исатай ауданының құрылғанына 95 жыл және жарты ғасырлық тарихы бар Аққыстау ауылдық округінің мерейтойына орай өткен «Құт дарып, кие қонған ақ Нарыным!» атты мерекелік сазды бағдарлама жоғары деңгейде өтіп, көптің көңілінен шықты. Шалғай ауылдан келген сазды сәлемдеме жиылған жұрттың ыстық ықыласы мен риясыз соғылған қошеметіне кенелді.
Әдеттегідей кеш шымылдығын Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсотов ашып, мерейтоймен құттықтап, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
- Қайырлы кеш құрметті ауылдастар мен Исатай ауданының тұрғындары! Баршаңызды қос айтулы мерейтойға арналған киелі өңір, құтты мекен болып табылатын бұрынғы Забурын, қазіргі Зинеден ата ауылының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына қош келдіңіздер! Еліміз дамып, ауылымыз көркейе берсін. Осындай ашық аспан астында берекелі де бейбіт ғұмыр кешелік. Мерейтой құтты болсын!,-деді ол өз сөзінде.
Иә, расында Зинеден ата ауылының топырағынан шыққан өнерлі тұлғалар аз емес. Сондықтан ауыл тұрғындарының қай-қайсысы да таланты өн бойында. Шалғай ауылдан жеткен сазды сәлемдемелер өз жалғасын тауып бірінен соң бірі орындала берді. Ән мен биге, көңіл ашар күйге толы өткен кеште өз кезегінде көңіл сарайын ашып, ерекше сезімге бөледі. Алғашқы ән Мұрат Амангелдінің орындауындағы жерлесіміз Мұстахим Мұратов пен сөзінің авторы Жанбайлық ақын Адайбек Есекешовтің «Зинеден ата» әнімен ашылып, ауылдың тыныс тіршілігін әнмен көрсетті. Содан соң мың бұралған «Гүлдер» би тобының көркем биі сахнаның сәнін келтірді. Ауыл өнерпаздарынан бөлек Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсотов та әннен шашу шашты. Потриоттық сезім мен көңілді күйге бөлейтін түрлі әндер ауыл өнерпаздарының орындауында өз жалғасын тауып, жиылған көрермендер де қосыла ән шырқап,кеш қыза түсті.
Сонымен қатар концерттік бағдарлама Абай күнімен қатар тұспа-тұс келген болатын. Сондықтан көрермендерге Абай атамыз туралы бірнеше сұрақ қойылып, дұрыс жауап берген жанға түрлі сыйлықтар табысталды. Содан соң Шәмшінің танымал әндерін де халықпен бірге ауыл өнерпаздары қосыла айтып, кештің ажарын одан әрі аша түсті. Сұрақтарға жауап беріп, сыйлыққа ие болып, әнді де бірге шырқаған хылық ауыл өнерпаздарымен бір толқында болды. Көңілден көпке дейін сөнбейтін, естен кете қоймайтын бұл кеш жиылған әрбір тұрғынның көңілінен шықты.
Кеш соңында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали Зинеден ауылының өнерпаздарына өз ризашылығын білдіріп, ақжарма ізгі тілегін жолдады.
- Құрметті аудан тұрғындары бүгін міне бейсенбілік кешімізді Зинеден ауылдық округінің керемет сазды бағдарламасымен аяқтап отырмыз. Сіздердің шынайы көңіл-күйлеріңізге қарап кешті жоғары деңгейде өтті деп есептейміз. Исатай ауданы өздеріңізге белгілі қай уақыт болмасын өнердің ордасы. Талай өнерпаздар мен дүл-дүлдер дүниеге келген құт өлке. Бүгінгі Зинеден ауылының өнерпаздары да соны тағы бір мәрте дәлелдеді. Оған қоса жолдың шалғайлығына қарамастан үлкен ұжыммен тиянақты дайындық пен сапалы кеш ұсынғандарыңызға ризашылығымыз шексіз. Ауданымыздың 95 жылдығы және Аққыстау ауылының 50 жылдық мерейтойы құтты болсын! Алдағы уақытта да мерекелік кештеріміз өз жалғасын таба берсін,-деген ол аудан әкімі Полымбет Максимұлының атынан «Құттықтау хат» табыс етті.
Сонымен қатар кеште өнер көрсеткен бірнеше өнерпаздар аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызының атынан «Алғыс хатқа» ие болды. Атап айтсақ, Айгүл Жексенбайқызы, Асылан Бисенбайұлы мен Зәмзагүл Нәсіпқалиқызы марапатталды.