«Қазақ елінде тұрғасын тілін білмеу ұят» дейді татар қызы Ләлә Габайдулина

Қазақстанымызда тату өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы – мақтанышымыз. Өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлейтін жандарды кезіктіріп қалғанда еріксіз сүйсінесіз. Бұл  олардың қазақ жеріне, мемлекетті құраушы қазақ халқына, мемлекеттік тілге деген құрметі деп білеміз. Тек тілімізді ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейтін сондай жандардың бірі - аққыстаулық Ләлә Альфредқызы Габайдулина.

 -Баспасөз бетінде көп көріне бермейсіз. Сіздің өзіміздің ауылдас әрі қазақ отбасының келіні екеніңізден құлағдармыз. Жалпы, өзіңіз туралы толығырақ айтып өтсеңіз, қай жерде дүниеге келдіңіз, ата-анаңыз кімдер болып еді?

-Алдымен ата-анам туралы айта кетейін. Әкемнің ұлты татар, туып-өскен жері Ресейдің Челябі облысындағы Миасс қаласы. Анам Хасила да – татар қызы, осы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының Индер ауданында өмірге келген.

Мен де Индер ауданында дүние есігін ашып, қарапайым отбасында тәрбиеленіп өстім. Бұрын мектепте орыс сыныбында оқығандықтан, көбінесе орыс тілінде сөйлейтінмін. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал, менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім және осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Сөздің шыны керек, әсіресе, өзім біле бермейтін кейбір сөздерді өз балаларымнан үйренемін. Көпшілік маған өзге ұлт өкілі бола тұра қазақ тілін жетік сөйлегеніме таңданыспен қарайтын болды.                                                                                  

Ал, жалпы осы елде, яғни Аққыстау ауылына келін болып босаға аттағаныма, бүтіндей бір отбасының отанасы болғаныма  40 жылға жуық уақыт болыпты. Осы күнге дейін жолдасым Нұрасбек екеуміз 4 ұл бала тәрбиелеп өсірдік, үш баламыз өз алдына бөлек отау құрды. Қазіргі таңда қылықтары тәп-тәтті 6 немеренің ата-әжесі боп бақытты ғұмыр кешудеміз. Шынымды айтсам, өз төркінімнің ортасында ғана татар тілінде сөйлеймін.

-Өз ұлтыңыз бен қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде айырмашылықтары немесе ерекшеліктері бар ма?       

-Татар мен қазақ ұлты арасында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ деуге болады. Себебі, ұқсастықтар көп. Қазақтар енді қара сөзге бұрыннан машықтанған ғой, тіл байлықтары, сөйлеу мәнері, бәрі тамаша. Әсіресе, ұлттық тағамдар арқылы ерекшеліктерді байқауға болады. Ас үйде екі халықтың қай-қайсысында бөліп жармай, тағамдарын аралас даярлаймын.

Дүние есігін ашып, мекен еткен еліңнің тілін меңгеріп, салт-дәстүрін игеріп, әдет-ғұрпымен таныс болудың да өз артықшылығы бар екендігін айтқым келеді. Қазақтың тілін ғана емес, қазақ елінде тұрған соң оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санаймын.

-Қай ел үшін де қазіргі уақыт күрделі кезең десек болады. Қоғамдағы, елдің бірлігіндегі қарекеттерге көз-қарасыңыз қандай?

-Жаһандық ау-малы-төкпелі жағ-дайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқаны – бүгінгі күннің ащы шындығы. Осындай алмағайып заманда бір шаңырақтың астындағы хал-қымыздың достығы мен өзара түсіністігі үлкен маңызға ие. Сондықтан сол ынтымағымыз одан әрі жалғасып, бірлігіміз бекем бола түскей деп тілеп отырамын.

-Ауылдастарға айтарыңыз бар ма?

-Үлкен-кішінің бәрін мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға бақ-береке тілеймін. Сіздерге де тілегім сол, ынтымақ-бірліктің бір ұйытқысы болып келе жатқан «Нарын таңының» да оқырмандары көбейе берсін!

 

Сұхбаттасқан

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521