Қазақстан ғылымының даму моделін түбегейлі жаңартатын уақыт келді – Президент

Қазақстан ғылымын дамыту үлгісін түбегейлі өзгерту – аса маңызды міндет. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс. Мысалы, Қытайда ғылымға негізделген қоғам атты партия мақұлдаған тұжырымдама бар. Яғни, Қытайда ғылымға негізделген қоғам тұжырымдамасы бар. Партия және Үкіметтің барлық маңызды шешімдері міндетті түрде ғылыми сараптамадан өтуі керек. Мұның бәрі Қазақстан ғылымының даму моделін түбегейлі жаңартатын уақыт келгенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан ғылымын дамыту үлгісін түбегейлі өзгерту – аса маңызды міндет. Қажет болса, келешекте ғылыми шешімдер мен цифрландыруды негізге алатын парасатты экономика моделіне көшу керек болады. АҚШ, Қытай, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия елдеріндегі технологиялық серпілісті бүкіл әлем біледі. Олар ғылымның ашық нарықтық үлгісіне көшкеннен кейін зор жетістікке жетті», - деді Қазақстан Президенті.

Оның айтуынша, мұндай үлгінің бірқатар ерекшелігі бар. Ең алдымен, ғылымға қаржы салуға жеке инвесторларды ынталандыру керек. Технология секторы алып-сатудан гөрі пайдалы әрі өміршең бизнес екеніне кәсіпкерлердің көзін жеткізу қажет. Сонда ғана ғылым мен бизнес арасында өзара тиімді әріптестік орнайды.

«Зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын университеттерді қолдау қажет. Ғылым мен өндірістің байланысын нығайтып, инновацияның өзіндік құнын төмендеткен жөн. Яғни, тың идеяларды және технологиялық жаңалықтарды жедел енгізу өте маңызды. Сондай-ақ қажет мамандарды осы салаға ұдайы тартып отыру керек. Бұдан бөлек, балаларды мектеп жасынан бастап ғылымға, инновациялық тұрғыда ойлау әдісіне баулу аса маңызды. Шын мәнінде, дарынды балаларды жастайынан ғылымға тарту керек. Осы өте маңызды жұмысты ірі кәсіпорындар жүргізіп отырса, құба-құп болар еді. Ғылымға бейім жастарды ғылыми орталықтарға шақырып, ғалымдардың жаңа буынын дайындау керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT