ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ – БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ

23 маусым-Қазақстан Полициясы күні.
Полиция қызметкері халықтың түсінігінде тәртіп сақшысы, қорғаушысы. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Шапшаңдық пен ыждағаттылық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу – полиция қызметкеріне қажетті басты қасиеттердің бірі.

Тәртіп сақшыларының толық құрамда қызмет көрсетуі,ондағы білікті мамандар санының көбеюі қылмыстың азаюына, жұмыстың өз мәнінде жүруіне септесері кәміл. Осы және өзге де жайттар аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Данияр Бимұхановпен мереке алдындағы сұхбатымызға өзек болды. 
- Данияр Бимұханұлы, алда келе жатқан төл мерекеңізбен құттықтаймын! Бұйрық талқыланбайтын, нақты орындалатын ішкі істер органында жиырма жыл қызмет етіпсіз. Жалпы, полиция баламасы «тәртіп сақшысы» деген ұғыммен көпшілікке түсінікті. Әйтсе де, олар бөлімнің құрылымдық жағдайы жөнінде біле бермейді. Сол жөнінде, өзіңіз туралы да толығырақ айтып өтсеңіз?
-Атаулы мерекеге орай құттықтауыңызға бек рахмет! Алдымен, әңгіме барысында өзім туралы айта өтсем, 1992-2003 жылдар аралығында Махамбет ауданы, Д.Төленов атындағы мектеп гимназиясында білім алдым. 2003 жылы Семей заң колледжіне оқуға түсіп, 2005 жылы ішкі істер органында тәжірибе алмастым. Алғашқы еңбек жолымды Махамбет аудандық полиция бөлімінде анықтаушы қызметінен бастадым. 2007 жылы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін тәмамдадым. Жалпы біздің қызмет тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті қадағалау, табан асты туындайтын жағдайларға дайын болу сияқты жауапкершілікті қажет етеді. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп сақшысы үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшысынан адалдық пен кәсібилікті күтемін. Бұл салада білімді болумен қатар, бірді ғана емес, бірнешеуін жығатын білекті де болу маңызды. Дене шынықтырумен айналысу, спортпен машықтану – полиция қызметкерінің өмірінен ойып тұрып орын алатын нәрсе. Сонымен қатар, полицейлер үшін талап пен жігер қажет деп ойлаймын. 
Еліміздегі құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын атаулы күн жыл сайын аталып өтілуде. Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай емес. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытқа бағынбайды. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қияды. Бұл – біздің өз таңдауымыз. Өзіміз таңдаған жұмыс. Сондықтан халыққа қалтқысыз қызмет ету – біздің басты міндетіміз болып табылады. Бүгінде біздің аудандық полиция бөлімінде 6 бөлімше бар. Атап айтсақ, кезекші бөлімі, тергеу бөлімшесі, криминалды және де әкімшілік полиция бөлімшесі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесі, Жанбай полиция бөлімшесі болып бөлінеді. 

- Бөлімде қанша қызметкер бар? Олардың арасында жетістікке жетіп жүрген бірқатарын атап өтсеңіз?
-Бөлімде 73 қызметкер қызмет атқарады. Соның ішінде бүкіл саналы өмірін халық игілігіне арнаған нар тұлғалы азаматтар бізде де бар. Әсіресе, ұзақ жылдар осы салаға елеулі үлесін қосып жүрген Берікболат Сапаров және Айсұлу Телеубаева, Мейрамгүл Манашева, Жанаргүл Дәулеткереева, Нұрқуат Умаров сынды қызметкерлеріміз бар. Біз бөлімдегі барлық жас қызметкерге сол жандарды үнемі үлгі етіп отырамыз. Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, бүгінгі таңда жұртшылықтың полицияға деген сенімі өте жоғары. Біздің ендігі мақсатымыз – құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандартқа сәйкес келетін жаңа жүйесін қалыптастыру. Бұл үшін еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтағанымыз абзал.Осы қағиданы басты назарға алып, қызметкерлерге жиі айтып жүремін. 

- Бөлімде мамандар дайындау қалай жүзеге асып жатыр?
-Мамандар құқықтық актілер бойынша тест тапсырып, медициналық, психологиялық-физиологиялық куәландырудан өтіп,сынақ тапсырады. Одан бөлек дене шынықтыру дайындығы барысында спортқа да икемді болуын қадағалаймыз. Содан кейін мамандарымыз Ақтөбе заң институтында 2 ай алғашқы кәсіптік даярлық курсынан өтеді. Қазір бөлімге келіп, құжат жинақтап жүрген 2 үміткер бар.

-Жұмыстың жеңілі жоқ. Десе де, күні-түні қызмет атқарып жүргендеріңізді білеміз. Соған орай қызметкерге әлдебір жеңілдік қарастырылған ба?
-Дұрыс айтасыз,әр жұмыстың да өз қиындығы бар.Ал жоғарыда айтылған сұрағыңызға жауап беретін болсам, біздің қызметте жеңілдіктер мен артықшылықтары да бар. Ол, ерте зейнетке шығу, қызметтік пәтермен қамтамасыз ету, балаларын балабақшаға кезексіз қабылдау сияқты жағдайлар. 
Полиция  күні – қазақстандық  полицияны қалыптастыруға жан аямай күш салғандар мен оның қатарында қызмет етушілерге деген алғыстың белгісі деп білемін. Бұл – өз ісіне деген адал қызметімен халықтың қадіріне ие болған полиция ардагерлеріне де алғыс. Себебі түрлі құтқару жұмыстарына араласып,құқық қорғау шараларында жауапкершілікпен белсенділік танытып жүрген әріптестеріміздің әр ісі бағалы. Сөз соңында барша әріптестерімді және ІІО зейнеткерлерін алда келе жатқан кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. 

- Әңгімеңізге рахмет!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT