Көп таратылатын тағам

Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсемізді тіктегелі бері біздің өз ортамызға оралған байлығымыздың, бақытымыздың бірі – бүгінгі әз Наурыз мейрамы десек артық айтқан да болмас едік.

Бұл біз бүгін ғана ашып отырған жаңалық емес, ол жазылып та, айтылып та жүрген жайт.

Бүкіл ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді бір бойына жиып алғандай да көрінетін сол әз Наурыз жайында қанша айтылып, жазылса да көптік етпесі кәміл. Соның ішінде Наурыз дастарханы жайлы әркезде кеңірек әңгімелеп отырғанның ағаттығы болмаса керек. Өйткені бүгінгі жастар оның бәрін жетік біледі деп айта алмаймыз.

Наурыз мейрамында ең көп таратылатын тағам түрі - Наурыз көже. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болып, зор қуанышпен қауышқан Ұлыстың ұлы күніндегі ерекше бай дәм де осы. Кең-байтақ еліміздің кейбір өңірлерінде «наурыздық» деп те атайтын Наурыз көжені үлкен «он алтылық» қазанға мол етіп пісіретін болған екен. Оның мол жасалатын себебі, «осы жылы молшылық болсын» деген ырыммен сабақтас жатқаны анық.

Наурыз көженің басты шарты - көже ішінде жеті түрлі дәм болуы қажет. Мәселен, тұз, май, бидай, күріш, жүгері, тары, ет. Әрине, кей кездері қолда бар дәм түрлері-мен жасай беретін де болғанға ұқсайды. Мұны әжелеріміздің әңгімесінен құлағымыз шалып қалған тұстар көп. Сосын оны көрші-көлем, ағайын-туыс, құда-жегжат, ауыл-аймақ болып бөлісе ішу де біздің ынтымақ-бірлігіміздің бір белгісі. Бұны ел арасында Наурыз көжені бірге ішкен адамдардың жыл бойына жарастығы ажырамайды, ренжісуі болмайды деп орныққан ұғым да растай түседі.

Мерекелі сәтте жайылған дастархан үстіне бауырсақ, қазы-қарта, жаңа туған малдың уызы, құрт, ірімшік сияқты тағамдар, шұбат, қымыз секілді сусындарымыз, тағы да басқа өз өнімдеріміз қойылса, тіптен құба-құп жайт. Иә, Ұлыстың ұлы күнінде отбасыңызда төрт көзіңіз түгел отырып болмаса көрісе келген, мерекелей жүрген жандармен емен-жарқын көңілде Наурыз тағамдарынан дәм татқанға жетер не бар. Наурыз құтты болғай, ағайын!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT