Көпшілік болып бірігіп ағаш отырғыздық, жемісін кейінгілер көрсін!

Аудандық әкімдіктің арнайы қаулысы аясында 15-наурыз бен 15-мамыр аралығы тазалық айлығы болып жарияланғаны белгілі.

Осыған орай әр сенбі күндері ауданымыздың барлық ауылдық округтері мен елді мекендерінде, аудан аумағында орналасқан түрлі деңгейдегі мекемелер мен мұнай компанияларында тазалық шаралары жалғасып жатыр. Ол туралы газетіміздің барлық сандарында кеңінен жазылып жүр. Ал кешегі сенбі әрі сенбілік, әрі бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні болғандықтан, өңірімізде бірқатар шаруалар атқарылып, барлық ауылдық округтер белсенді түрде аталмыш акцияға қатысты.

Шалғайда орналасқан Исатай және Забурын округтері тал отырғызуды аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның газетіміздің өткен санындағы ауыл-аймағымызды көгалдандыру, абаттандыруға шақырған үндеуіне сәйкес өткен аптаның ішінде бастап кеткенін атай кеткен жөн. Сонымен бірге жалпыға ортақ акция аясында да Забурын округінде барлығы 50 адам жұмылдырылып, 150 түп ағаш отырғызылған. 1 тіркемелі трактор көлігімен арнайы полигонға 3 тонна қатты қалдықтар шығарылып, жиналған. Исатай округінде де бұл шара асқан ұйымшылдықпен өткізіліп, бюджеттік ұйымдар мен теміржол мекемесі, ауыл тұрғындарының қатысуымен барлығы 10 мекемеден 207 адам қатысқан. Атап айтқанда, «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасы мен Исатай орта мектебі, теміржол байланыс үйі, ЭЧ-4 мекемесі, дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб, әкімдік, кітапхана және жеке кәсіпкерлік нысандары қызметкерлері барлығы 200 тал-терек отырғызып, 30 тонна құм-топырақты тасып, аулаққа шығарып төккен.

Ал, Нарын округінде орта мектеп, балабақша, Жаңа Жанбай бастауыш мектебі қызметкерлерінің қатысуымен Нарын, Жаңа Жанбай ауылы орталық демалыс алаңдарына, мекеме аулаларына барлығы 150 түп ағаш отырғызған. Шараға 124 адам қатысып, туған елдің мерейі үшін еселі еңбек еткен. Жанбай округінде 250 түп, Қамысқала округінде 100 түп, Тұщықұдық округінде 281 түп ағаш отырғызылған. Негізінен жеріміздің сортаң, құмдауыт болуына байланысты күй талғамайтын қара ағаш, үйеңкі, шаған тұқымдас тал-теректер сатып алып, отырғызылды. Аудан орталығы Аққыстау ауылында да аталмыш шара асқан белсенділікпен жүргізілді. Аудандық әкімдік өз үлгі болып ғимарат маңын абаттандырды. Сонымен бірге ауыл аумағындағы мектептер, балабақшалар, ұйымдар, жеке кәсіпкерлік нысандары да бұл шарадан тыс қалған жоқ.

Сол күні Аққыстау ауылы бойынша 300 түп тал-терек егілді. Иә, айта берсе бірталай шаруа жасалып, аудан бойынша мыңнан аса терек егіліпті. Алайда, ағашты отырғызу бар да, оны күтіп-баптап, өсіру бар. Ол үшін уақытылы суарып, тыңайтқыш сеуіп, түбін қопсытып, бағбандарға тән асқан ептілікпен сәбидей күтіп-баптау қажет. Сонда ғана жасаған жұмысымыз өз нәтижесін беріп, айналамыз жасыл-желекке бөленер еді. Әйтпесе қыруар қаражат жұмсап жыл сайын көзбояушылық жасап, басшылықтың берген тапсырмасын орындадық деп есеп беру үшін ғана егіп, артынан қараусыз қалып, еселі еңбектің талай елеусіз қалғанын көзіміз көріп жүр.

Осы орайда өзіміз суын ішіп, ауасын жұтып жүрген киелі өңіріміздің таза, әрі абаттанған көрікті мекен болғанын қалап, қолға алынған сауапты шаруаны аяқасты қылмауға шақырамыз. Түптеп келгенде ауылымыздың көрікті болуы өзімізге ғана байланысты екенін ұмытпайық.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT