Құрманғазы ауданының 90 жылдығына арналған аламан бәйгеде 19 сәйгүлік 24 шақырымға шапты.
Жарыс көшін бастағандардың қатарында болған шабандоз Дамир Хисамеденов тақымдаған қамысқалалық Талғат Мұхиденовтің иелігіндегі «Ақмаңдай» атты жирен қасқа соңғы айналымда топ ішінен сытылып шығып, мәре сызығын бірінші болып кесті.
Бәйгеде аты озған ауылдасымызға бас жүлдеге тігілген 500 мың теңге ақшалай сыйлықты облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев табыстады. Ал, екінші болып Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылдық округінен Ерсайын Қасымов баптап қосқан «Брилиант» атты торықасқа (шабандозы Еркебұлан Елтай), үшінші болып ресейлік Жанахов Ануардың аты келді.
Айта кетейік, Құрманғазы ауданының торқалы тойында батыс аймақтық ақындар айтысы да ұйымдастырылған болатын. Аталған дүбірде өнер көрсеткен қос жерлесіміз Өнербек Дәулекенов пен Амангелді Панабердиев арнайы жүлдеге ие болып қайтты.
Серікбол БЕРІКБАЙ.