Кәсіпкерлікті қолдауға араналған «Жарқыра» бағдарламасы өз жұмысын бастады

Қазіргі таңда жалпы кәсіпкерлікке барынша ден қойылып, мол мүмкіндіктер жасалуда. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған әртүрлі бағдарламалар, қайтарымсыз гранттар да бар. Осындай кәсіпкерлікті қолдауға араналған «Жарқыра» бағдарламасы да 2023 жылғы өз жұмысын бастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту. Бастысы, қоршаған ортаға, қоғамға пайдасы тиетін іспен айналысамын деп жүрген әр адам осы жоба арқылы қайтарымсыз грантқа ие бола алады.

 Аптаның сейсенбі күні аудандық «Атамекен» ҰКП аудандық филиалында «Жарқыра» жобасының кіріспе семинары болып өтті. Тренинг жүргізген Алтынгүл Атабаева әлеуметтік кәсіпкерліктен бастап жобаның ерекшеліктері туралы толыққанды түсіндірді. Сондай-ақ байқауға қатысуға ниетті адамдардың тараптарынан қойылған қаз-қатар сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерге құлақ асты.

-Жалпы «Жарқыра» 2016 жылдан бері жүзеге асып, өз жұмысын бастады. Осы жылдар аралығында өңіріміз бойынша 50-ден астам адам жоба жеңімпазы болып, бүгінгі күні өз кәсіптерін игеріп отыр. Аталған жоба түрлі бағыттар бойынша бизнес бастаушыларға қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, білім беру, әлеуметтік қызметтер көрсету, денсаулық сақтау, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс және ұлттық өнерді, қолөнерді дамыту т.б атауға болады. Бағдарлама бойынша даму ерекшеліктері бар 698 балаға көмек көрсетіліп, даму тренингтері өткен. 218 адам үшін жаңа жұмыс орындары құрылған. Әр жылдағы жеңімпаздардың жетістігімен бұл көрсеткіштер де күннен-күнге артуда,-дейді Алтынүл Атабаева.

Ал, әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз не? Қазір кәсіпкерлік саласында бөлінетін қайтарымсыз гранттар мен несиелердің түрі көп. Әрқайсысына қойылатын белгілі критерийлері мен шарттары бар екені жасырын емес. Көбінде бизнес табыс көзі ретінде қарастырылып, әлеуметтік осал топтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекшелігі бар балаларға бағыттала бермейді. Ал, әлеуметтік кәсіпкерлердің айырмашылығы – олар қоғамдағы өзгерістердің агенттері ретінде әрекет етеді. Бұл Қазақстанда ғана емес, жалпы ТМД елдерінде танымал болып, кең етек жаюда. Бірақ іс бастаймын деген жандардың қажетті білімінің жоқтығы, оның дамуын тежеуі мүмкін. Ал «Жарқыра» осы бизнесті сауатты жүргізуге, түрлі тегін тренингтерге қатысып немесе ТМД елдері бойынша тәжірбие алмасуға мол мүмкіндік жасауда.

Сөзімізді қорытындылай келгенде, біздің ауданда да әлеуметтік кәсіпкерліктің деңгейі артса дейміз. Себебі, аудан бойынша үміткерлер байқауға қатысқанымен, алайда отыздық қатарына ілінбей қалып келеді екен. Ендеше бизнес бастауды ойға алып жүрген ауылдастарға «Жарқыра» жобасымен ісіңіз жарқырасын деп тілек етеміз.

                                                                                       

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT