Көтерген уақыт желкенін немесе «Малшылар үнінен» басталған жол

 

Қоғамдық тіршіліктің қай саласында болсын бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде баспасөздің маңызы шексіз болып келді. Оның атқарар қызметі мен рөлі бұрын да, өз алдымызға егемендігімізді алып, тәуелсіз ел атанғалы бергі кезеңде де артып отырғаны, қазір де баспасөздің көпке керектігі көзі ашық, көкірегі ояу адамның қай-қайсысына да аян деп білеміз.

Кезінде халқымыздың біртуар данагөйі Ахмет Байтұрсынов: «Баспасөз – елдің естір құлағы, көрер көзі, айтар үні, мұң-зарын білдіретін жүрегі» деп анықтама берген. Баспасөз туралы күні бүгінге дейін осынау данышпандық ақиқат аксиомадан артық асып түсіп айтқан, сірә, ешкім жоқ деп саналады.

zhajnarbek-aka

Әрине, өткен ғасырымыздағы біртұтас одақтық идеология тұсында газетке «коллективтік үгітші», «коллективтік насихатшы», «коллективтік ұйымдастырушы» (өзгеріссіз, сол қалпында алынып отыр) деп қысқаша тұжырымдама берілді. Тұтастай алғанда, баспасөздің үгіт-насихаттық, ұйымдастырушылық қызметін жоққа шығаруға болмайды. Дейтұрғанмен, қазіргі қалыптасқан қоғамдық көзқарас, тәжірибелі әдебиетші, журналистердің түсінік-пайымдауына жүгін-сек, негізінен, баспасөзге  жаңалықтың жаршысы, жариялылықтың құралы, өткен тарихымыздың жылнамасы ретінде қарау орынды деп саналады. Демек, бір сөзбен айтсақ, баспасөз - қоғамдық пікірдің барометрі.

Бүгінгі аудан үнжариясы - «Нарын таңының» негізі алғаш рет 1953-1957 жылдар аралығында шыққан «Малшылар үнінен» басталғаны мәлім. Одан басылымның өткеніне үңіле жүрер өзіміз де хабарлы едік. Алайда, екі беттік шағын көлемдегі үнжарияны қолмен ұстап, көзбен көргенге не жетсін! Ол арманымыз да орындалды. 1986 жылы аудандық «Нарын таңы» газетінің екі мыңыншы санының шығуына орай облыстық мұрағат мекемелерінде болып, сарғайған газет тігінділерін ақтарудың сәті түсті. Зымыран уақыт зулап, содан бері де бірнеше ондаған жылдарды артқа қалдырған екенбіз. Аудан өмірі жаршысының мерейлі тойы қарсаңында сол жолы жинақталған материалдарды ықшамдап, жүйелеп, оқырмандар назарына қайта ұсынуды жөн санадық.

Ілгері қадам жасау үшін өткеніңе көз жіберу лазым. Өткеніңді ұмыту тарихыңа қиянат жасаумен пара-пар. Және бұл жерде әңгіме газеттің көлемінің үлкен-кішілігінде немесе баспасөздің бұқараға ең жақын, төменгі буыны болуында да емес, оның сарғайған парақтары тағдырының адамдар тағдыры екендігінде, бүкіл бір аудан өмірінің шежіресі, халықтың үні болуында ғой.

Сонымен, газет фототілшісі Абай Сұлташев екеуміз іссапар жолдамасын алып, облыстық мұрағаттарды жағаладық. Сарғайған ісқағаздарын ақтару кезінде бізге облыстық партия комитетінің 1952 жылғы 16 қазандағы бюро қаулысы назар аудартқан. Бұл қаулының 3-ші бабында «Новобогат және Қызылқоға аудандарында аудандық газет редакциясын ұйымдастыру» туралы жазылған. Осы хаттаманың 4-ші бабында Төлеген Сатқанбаевты Новобогат (қазіргі Исатай ауданы) аудандық «Малшылар үні» газетінің редакторы етіп бекіту туралы қаулы алынған. Ал, осыдан соң, 1952 жылдың 29 қарашасында аудандық партия комитеті газет редакциясы үшін тілшілер іріктеу, тілшілер топтарын құру туралы мәселе қарап, тиісті тапсырмалар берген. Газетте бары-жоғы екі адам ғана, бас редактор Төлеген Сатқанбаев және жауапты хатшы, Орал пединститутының түлегі Ғалымжан Үбенов ағамыз қызмет еткен екен.

Осы арада газеттің ең алғашқы редакторы болған Төлеген Сатқанбаев ағамыз туралы айта кетуді жөн санадық. Төкең 1923 жылы Махамбет ауданының Сарайшық селосында дүниеге келген. 1942-1947 жылдары Кеңес армиясы қатарында болып, отандық соғыстың отты кезеңдерін бастан кешкен майдангер. 1944 жылдан партия мүшесі. 1947 жылдан бас-тап 1953 жылы аудандық газет редакторлығына қызметке тағайындалғанша Новобогат аудандық партия комитетінде штаттағы насихатшы, партия кабинетінің меңгерушісі болып жауапты жұмыстарды атқарған. Бертінде бұл азаматты білетіндердің айтуына қарағанда, Төкең өте қарапайым, сауатты, ұйымдастыру қабілеті жоғары кадр болған. Басында газет шығаруға қаражат та, баспа техникалары да, жазу-сызуға бейімі бар маман-кадрлар да болмады. Осы жұмыстардың бәрін ұйымдастыру, баспаханалық машиналарды Ресейден алдыру, баспахана мамандарын дайындау, бір сөзбен айтқанда, газетті шығарудан бастап, халыққа жеткізілуіне дейінгі жұмыстардың басы-қасында Төкең жүрген. 

Иә, қазіргі Хамит Ерғалиев ауылындағы Новобогат орта мектебі орналасқан жердегі саман тастан салынған жатаған үйге бір күні баспа шрифтілері мен басқа да қажетті машиналар әкелінді. Ендігі басты міндет баспахана мамандары-терушілерді дайындап алу еді. Осы орайда 6-7 жас қыз Гурьев облыстық баспаханасына бір айға тәжірибеден өтуге жіберіледі. Қазіргі кездегідей емес, ол кездегі газет қолмен теріп шығарылатын. Олардың ішінде Ажар Қуанова, Батиха Шәмбілова, Ұмсынай Батанова, Қазима Нәжімеденова және басқалар болды.

Облыс тарапынан аудандық газеттің қалыптасып кетуіне қамқорлық жасалынып, облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің бөлім меңгерушісі Түсіп Бисекеновті бір айға көмекке жіберді. «Ол кезде штатта екі адам: редактор мен жауапты хатшы ғана болдық» деп еске алып еді осындағы жауапты хатшылық қызметті бес жыл бойы атқарған марқұм Ғалымжан Үбенов ағамыз өзімен болған бір сұхбатта.

Келесі бір кезекті іссапарда облыстық мемлекеттік мұрағатта болып, сол бір жылдардағы аудандық газет тігінділерімен де таныстық. Міне, біздің алдымызда «Малшылар үнінің» ең алғашқы саны – бірінші нөмірі жатыр. Газеттің бірінші саны – 1953 жылғы ақпанның 18-і күні жарық көрген екен. Екі беттік газеттің бірінші беті «Партияның ең өткір құралы» деген бас мақаламен ашылыпты. Онда: «Бүгін Новобогат аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық Советінің тұңғыш органы «Малшылар үні» газетінің бірінші саны шығып отыр. Партияның XIX съезі қабылдаған ССРО-ны өркендетудің бесінші бесжылдық жоспарының директиваларына байланыс-ты аудан алдына маңызды шаруашылық-саяси міндеттер жүктелуде. Аудан еңбекшілерін бұл міндеттерді жүзеге асыру жолындағы қажырлы күреске жігерлендіруде «Малшылар үні» газеті үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқаруға тиіс» дей келіп, одан әрі газет аудан экономикасы мен мәдениетінің маңызды мәселелерін жазуда, жұмыстағы олқылықтарды сынап, түзетуде партия, совет ұйымдарына үнемі көмектесіп отыруы қажет екендігі, осы орайдағы міндеттер айтылған. Және осы бетте «Малшылар үні» газетінің редакция-сына» деген тақырыппен облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Atyrau»), «Прикаспийская коммуна», Теңіз аудандық «Социалистік жол» (қазіргі «Serper») газеттері редакцияларының  ауданның тұңғыш газеті шығуымен құттықтауы басылған. Ал газеттің екінші бетінде «Аудан еңбекшілерінің маңызды міндеті» деген тақырыппен ҚКП аудандық комитетінің бірінші хатшысы Қ.Сұлтановтың мақаласы жарияланған.  Бұл мақаладағы: «...Аудан мал шаруашылығы қызметкерлері 1953 жылға мал басын өсіру мен оның өнімділігін арттыру жөнінде өсіңкі міндеттеме алды. 100 аналықтан 100 бұзау, 118 қозы, 75 құлын алуға, әрбір қойдан 2,6 килограмнан жүн қырқып, әр сиырдан 650 килограмнан сүт саууға міндеттеніп отыр» деген жолдар ауданымыздың сол кездегі еңбек тынысынан нақты мағлұмат бергендей. Газет беттерінен аңғарғанымыздай, сол жылдары ауданымызда 18591 адам болыпты. 1 МТС, 1 аудандық өндіріс комбинаты, 3 клуб, 5 кітапхана, 24 бастауыш мектеп, 13 орталау, 4 орта мектеп, тағысын тағы әлеуметтік-мәдени нысандар болған.  

Новобогат ауданы ол жылдары ұсақ ұжымдық шаруашылықтарға біріктірілген кез еді. Сол жылдардағы газет беттерін ақтарғанда, ауданда 30-дан астам колхоз болғандығы айқын көрінеді. Нақтырақ айтсақ, 30 мал колхозы, 4 балықшы колхозы болған екен. Оларда 80 мың бас мал өсіріліпті. Мал шаруашылығы негізгі сала болумен қатар, балық шаруашылығы мәселелері, сол саладағы науқанды жұмыстардың барысы, сондай-ақ мал азығын дайын-дау, көктемгі егіс мәселелері кеңінен жазылып отырған.

Бізді К.Досмұхановтың «Июнь айының есебіне» (4 маусым 1953, «М.ү», №21) деген хабары елең еткізді. Онда: «Аязбаев басқарған барлаушылар коллективі социалистік жарысты өрістете  отырып, май айының бұрғылау жоспарын мерзімінен бір жұма бұрын орындап, июнь айының есебіне жұмыс істеуде. Социалистік жарыста Досымбаев басқарған бригада бұрғылаудың технологиялық ережелерін қатаң сақтап, станоктардың қазу шапшаңдығын көтеруде, мезгілді ұқыпты пайдалануда үздік табысқа жетті!» делінген. Иә, осыған қарап бұл күнде танымал, облыс мұнайының 70 пайыздан астамын өндіріп тұрған қос өзен аралығындағы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының кен алаңдарына алғашқы бұрғы түскен тұсы сол 1950 жылдардың бас кезі екенін аңғару қиын емес.

Газет тірегі - қашан да штаттан тыс тілшілер. Оның үстіне редакторы да, тілшісі де, бөлім меңгерушісі де, корректоры да тек екі адамнан тұратын, жаңа-жаңа қаз баса бастаған үнқағаз үшін штаттан тыс тілшілердің көмегі ауадай қажет болатын. «Малшылар үнінің» алғашқы нөмірінен бастап әр санында дерлік Шөпенғали Дәуенов, Мақсұт Неталиев, Данияр Жәрдемов, Фариза Оңғарсынова, Мұстажап Намазғалиевтардың мақалалары жарық көріп тұрған. Олардың қалам тербеген тақырыптары да сан алуан. Республикамыздың көрнекті ақындарының бірі Фариза Оңғарсынованың, бірнеше кітаптың авторы, ақын Мақсұт Неталиевтің, облыс журналистикасының ардагері, тәжірибелі қаламгер  Шөпенғали Дәуеновтің (барлығы да марқұм болды) жазушылық, журналистік мектептерінің бастауы Новобогат ауданының тұңғыш органы «Малшылар үні» болғаны - қазіргі «Naryn tany» газетінің оқырмандары үшін зор мақтаныш, үлкен абырой.

Сарғайған газет беттерін ақтарған сайын жоғарыда аталғандардан басқа Дәулет Әбілқайыров, Зай Тәжиденов, Бисен Жұмағалиев, Хұсынеден Пазылов, Сапи Ахметжанов, Ғатих Маштахов, Смағұл Қалешев, Пазыл Хансұлтанов, Иманғали Жұбанов, Зейінғали Жұмағалиев, Жұмабек Қарамалаев, Насиғолла Машаевтар «Малшылар үнінің» сол кездегі белсенді тілшілері ретінде таныла түседі. Кейінде де аудандық газетпен тұрақты байланыстарын бұзбай, қаламы төселген штаттан тыс тілшілер санатында болған марқұм Балажан Нығыметов, Оқас Дәрісқалиевтардың мақалаларын 1953-1957 жылдардағы газет сандарынан жиі кездестіруге болады.

«Малшылар үні» өзінің тұңғыш санындағы бас мақаласында айтылғандай «кемшіліктер мен қателіктерді батыл әшкерелеу», «жеке адамдардың санасындағы ескіліктердің қалдықтарын жою, мемлекеттік және қоғамдық мүлікке қол сұғушылар мен ашықауыздықты» ауыздықтауды алғашқы күннен бастап міндет санаған. Газеттің 1953 жылғы 25 ақпанда шыққан №2 санында-ақ «Бұған адамгершілік ар шыдар ма?» деген тақырыпта Шаншаровтың (Ғ.Үбенов) фельетоны жарық көрген. Фельетонда бейморальдық жолға түскендер батыл айыпталады. Газет өз отбасынан безіп, моральдық азғындау жолына түскендерді жиі-жиі сын найзасымен түйреп тұрған. Сөзіміздің бір дәлелі ретінде айтсақ, газеттің 14 сәуірдегі 11-санында «Тұрмыстан азған Б-овқа тыйым болмай ма?» деген А.Қасымовтың фельетонында да жоғарыдағыға ұқсас жай батыл әшкереленеді. Ал шаруашылық саласындағы кемшіліктер газеттің әр нөмерінде жарық көріп, «Малшылар үні» газетінің дабылынан кейін» айдарымен сыннан кейін алынған шарамен оқырмандар хабардар етіліп отырылған. «Редакцияға хат», «Ауданымызда», «Творчестволық еңбек адамдары» айдарлары да газеттің 1953-1957 жылдардағы нөмірлерінде көп көрініс береді.

1957 жылғы 22 қарашадағы газет нөмірінде жарияланған бір хроника бар. Онда: «Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бо-йынша Гурьев облысының Новобогат ауданы ажыратылды. Оның территориясы «Бақсай» ауданына берілді» делінген.

Міне, Новобогат ауданының алғашқы баспасөз органы «Малшылар үнінің» 5 жылға жетер-жетпес қысқаша өмірбаяны осындай. Тыңнан газет шығарып, уақыттың талабы мен алда тұрған міндеттерді бейнелеген сөздерін бейнетқор шаруаға жеткізе білген жандардың, ізашарлардың еңбегіне әсте баға жетпейді. «Малшылар үнінің» 5 жылда шыққан 561 санынан аты аталған алғашқы редакторлар Төлеген Сатқанбаев пен Мүтәлі Шәріповтың, жауапты хатшы Ғалымжан Үбеновтің еңбектері айқын танылады. Олардың айшықтауымен газет беттерінде өткен ғасырдың 50 жылдарындағы мехнаты мол, сұрғылт тіршілік кешкен ауыл өмірінің бейнесі жасалған. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдары мен оған ілесе аудан өңірінде атқарылған ұлан-ғайыр өзгерістер, әсіресе, ауыл шаруашылығын өрге бас-тыру бағытында жасалған қадамдар газет бетінде кеңінен көрсетіліп отырылған.

Жиырма жылдай үзілістен соң, 1977 жылғы қазанның 1-інде «Нарын таңы» деген атпен қайта шыққан аудандық басылымның екінші өмірі он бір жылға жуық уақытқа созылды.

Ал, енді, 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайтадан жарық көріп, содан берідегі отыз бір жыл бойына үзіліссіз шығып келе жатқан, атауы «Narуn tanу» болып латынша айшықталған бүгінгі аудан айнасының күнделікті тыныс-тіршілігі сіздердің көз алдарыңызда, құрметті ауылдастар. Қазіргі кезді сонау 1953-1957, тіпті, 1977-1988 жылдармен де мүлдем салыстыруға болмайды. Осыған орай аптасына бір рет жаңа форматтағы 8 беттік басылым болып тарайтын бүгінгі аудандық «Narуn tanу» газетінің көтеріп келе жатқан мәселелері келелі, арқалайтын жүгі ауыр. Қалай десек те, ауданымыздың сүйікті төл басылымын оның жанашыр һәм тұрақты оқырмандары қай кезде де асыға күтетіндігі ақиқат және де оны аудандағы әр отбасы жаздырып алып тұрса ғанибет. Өйткені ол – аудан шежірешісі. Ал оның бастауында біз әңгімелеп отырған «Малшылар үні» тұр.

 

Жайнарбек БЕРЖАНОВ,

«Нарын таңының» 1977-1986 жылдардағы қызметкері,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Аққыстау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT