Құтырма – қауіпті ауру

   Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша құтырма әлемнің 111 елдерінде тіркелген. Әлемде жыл сайын құтырмадан 50 мың адам қайтыс болып, 1 млн. астам жануарлар өледі.

Құтырманың соңғы жағдайы 2010 жылы Құрманғазы ауданының Ганюшкин селосында тіркеліп, өзінің иті тістегеннен кейін антирабиялық көмекке жүгінбеген 26 жастағы ер адам ауырған.

 Облыс бойынша 2023 жылдың 5 айында жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейленуінен зардап шеккен 564 адам  медициналық көмекке жүгініп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 81,6 құрады, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда  7,5 % көбейген (2022ж. 5 айда – 588 адам, көрсеткіш – 88,2).

    Құтырма – орталық жүйке жүйесін зақымдаумен сипатталатын зоонозды топқа жататын қауіпті жұқпалы ауру.

         Жабайы жануарлар – қасқырлар, қарсақтар, түлкілер табиғатта құтырма қоздырғышын тасымалдаушылар болып табылады. Құтырмамен үй жануарларынан иттер, мысықтар, ауылшаруашылық жануарлары ауырады.

          Жұқпа құтырмамен ауыратын жануарлар арқылы беріледі. Вирус адам ағзасына зақымдалған тері, шырышты қабықтары арқылы сілекеймен бірге түсіп, жүйке жүйесін зақымдай отырып, қозғыштық, судан қорқу, сал болуына әкеледі.

Жануарлардың түріне, тістеген орнына және жарақат ауырлығына байланысты жасырын кезеңі (қоздырғыштың ағзаға енген сәтінен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін) 12 күннен 1 жылға дейін созылады.

 Құтырманың алдын алуға болады, бірақ онымен ауырған адамды қазіргі кезде емдеудің еш мүмкіндігі болмай отыр. Бұл үшін тез арада медициналық көмекке жүгініп, құтырмаға қарсы антирабиялық екпелерін алуы қажет.  Мұны сырттай дені сау жануар тістеген жағдайда да жасау керек, себебі аурудың алғашқы клиникалық белгілері пайда болғанға дейін 10 күн ішінде қоздырғыш (вирус) сілекеймен бірге бөлінеді.

Ветеринариялық қызметкер адамды тістеген жануарға 10 күн ішінде бақылау жүргізеді. Егер көрсетілген мерзімнен кейін жануар сау болса, онда жұқтыру орын алмағанына сенімді болып, зардап шеккен адамға екпе тоқтатылады.

Ағзада құтырмаға қарсы иммунитет уақытында қалыптасу үшін екпелерді тістегеннен кейін бірден бастау және үзілуіне жол бермеу қажет.

 Екпелер жүргізген кезде қуатты және дәрумендерге бай тағамдарды пайдалану, ағзаның шаршауын, суықтауын, қызуын  болдырмау,  спирттік ішімдіктерді қолданбау ұсынылады.  Мұның бәрі ағзаның қоздырғышпен күресуде қорғаныс күштерін нығайту үшін қажет. Егер екпелер дер кезінде және дұрыс жүргізілген болса, ауру пайда болмайды.

 Жануарларда құтырма ауруын ескерту үшін, жануарлар қожайындары оларды ұстаудың ережесін қатаң сақтауы тиіс. Итті көшеде қысқа тізгінмен, міндетті түрде тұмылдырық кигізіп, бұралқы иттермен байланысуына жол бермеу керек.

Жануарлардың мінез-құлқы өзгерген жағдайда, олардан аулақ болуға тырысып, уақыт оздырмай малдәрігерлік қызметкерді шақырту қажет. Иттер және мысықтарды сатып алғаннан кейін  құтыруға қарсы ектірген жөн.

 Құтырманың қауіпті дерт екенін естен шығармау қажет, сондықтан салғырттық танытуға болмайтынын есіңізде ұстаңыз. Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда !

 

Танауов Мәдениет Рашидұлы

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521