ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚТЫ ҚҰНТТАҒАНЫМЫЗБЕН, ауылішілік жолдың жайы алаңдатады

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, алдағы қысқа дайындық қамы алдыңғы кезекке шығар кез де келді. Сондай-ақ, ауылдық округтер орталықтарында жалғасын табуы тиіс болған ауылішілік жол құрылысы жұмыстарының да жұрттың назарында болары осы кезең. 4 мамыр күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен аудандық қоғамдық кеңестің ІІ тоқсандағы жоспарлы бірінші отырысының күн тәртібіне «2023-2024 жылдардың қысқы кезеңіне ауданның әлеуметтік мекемелерінің коммуналдық дайындығы және аудандағы ауылішілік жолдарды салудың қазіргі жайы туралы» мәселенің қойылуы да мұны нақтылай түскендей еді. 

 Алдымен, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерболат Мақашев күн тәрбіне шығарылған негізгі мәселеге орай хабарлама жасады. Одан белгілі болғанындай, жалпы аудан бойынша 57 әлеуметтік мекеме бар. Олар «Е-лицензия» арқылы қысқы дайындыққа паспорт алады. 2023-2024 жылдарға аудан бойынша күзгі-қысқы дайындығы үшін 70 741,0 мың теңге қаражат бөлу облыстан сұралған.

Осы соманы жиналғандар алдында жіктеп берген хабарламашының айтуынша, күзгі-қысқы уақытта тоқ көзі сөніп қалған жағдайда мекеме жұмысын тоқтатпау үшін Аққыстау, Тұщықұдық, Қамысқала, Зинеден ауылдық округтері теңгеріміндегі кәріз насостық стансаларына, әкімшілік ғимараттарға, мәдениет үйіне дизельді генераторлар сатып алу үшін 16 900 мың теңге, Тұщықұдық, Нарын, Исатай, Зинеден ауылдық округтері теңгеріміндегі су нысанына, кітапхана ғимаратына, қызметтік пәтерге, ауылдық клубқа және  Исатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің әкімшілік ғимаратының жылу орталығына жылу қазандықтары (резерв) мен циркуляциялық насостар сатып алу үшін 3265,0 мың теңге керек деп есептелген.

-Ал Аққыстау ауылдық округінің теңгеріміндегі «Мұнайшы» жылу орталығы әлеуметтік нысаны 11 көппәтерлі тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етіп отыр. 2022 жылы аталған жылу жүйесіне  жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді осы жылу жүйесінің газ отындығы істен шыққан жағдайда деп қосымша резервке бір дана  газ отындығын сатып алу үшін - 4 095,0 мың теңге, Тұщықұдық ауылдық округі әкімі аппараты есебіндегі қызметтік тұрғын үйдің төбесінен салқындық өтіп, күннің салқын уақытында үй ішінің суып кетуіне байланыс-ты 12 шаршы метр жерге төбе жабындысын (стекловата) сатып алу үшін 228,0 мың теңге қажет делінді,-деді Е.Мақашев.

Жоғарыдағы соманың 42 056,5  мың теңгесі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі теңгеріміндегі ғимаратқа бөлінген екен. –Ғимаратқа көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мұнда барлық аудандық дербес бөлімдер орналасқан. Ауа райының салқын мезгілдерінде аталған ғимараттың пластикалық терезелерімен қатар есіктерінің саңылауларынан кірген салқындықтан қызметкерлер жұмыс жасап отырған кабинеттердің іштері суытып кетеді. Жәй жөндеу жұмыстары барысында пластикалық терезелер (103 дана) мен есіктерді жаңасына ауыстырып, орнатып, терезе жақтауларын әрлеуге, ағымдағы жөндеу жұмыстарына смета құжатына сәйкес осынша қаржы керек,-деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, хабарламада айтылғандай, аудан әкімі аппараты теңгеріміндегі қорғаныс істері жөніндегі бөлім ғимараты 1991 жылы құрастырмалы қалқаннан салынған. Бұл ғимаратқа да көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мерзімді әскери қызметке шақыру уақытындағы дәрігерлік сараптамадан өткізу кезінде әскерге шақырылушылар мен әскери есепке тіркелушілерді әр дәрігер жеке кабинеттерде қарауы керек. Бұл өз кезегінде сараптаманы жүргізу қағидаларын және әскери дәрігерлік сараптама органдарының ережесіне сәйкес келеді. Осыған байланыс-ты бөлімнің ішкі кабинеттерін бөлу, жөндеу жұмыстарын сметалық құжатқа сәйкес жәй жөндеу жұмыстары үшін 4 196,5 мың теңге қаржы қажет болып отыр екен.

Хабарламаны тыңдап, талқылау барысында атқарылатын жұмыстарды сауалдар қою арқылы нақтылай түскен кеңес мүшелері мамыр айы ішінде аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінен арнайы комиссия құрып, әлеуметтік нысандардың, соның ішінде мектептер мен балабақшалардың, медициналық ошақтардың алдағы қысқа дайындығын, ол үшін қандай жұмыстар жасалынуы керектігін нақтылау туралы тоқтамға келді.

Хабарламаның екінші бөлігінде айтылған аудан бойынша алты ауылдық округ орталықтарындағы жолдарды қайта жаңғырту жұмыстарының жайы мәжіліске қатысушыларды алаңдатып тастады. «Аққыстау ауылындағы ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңарту (ІІІ-кезең)» «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында, 16,2 шақырым жол, мердігер – «Информстройсервис» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Музтау» ЖШС, авторлық қадағалаушы «STROYCONSALTING» ЖШС. Келісімшарт бойынша құны - 1 533 858,3 мың теңге. 2021 жылы 660 482 000,0 теңге, 2022 жылы 582 637 847,33 теңге қаржы игерілді. Қалған қаржы сомасы - 290  738 438,11 теңге. 12 км жер жұмыстары, оның ішінде 7,5 км ірі түйіршікті щебень қабаты төселген. 2023 жылы 22 сәуірде Гумаров көшесінде жер жұмыстары басталды» делінді хабарламада. Көрініп отырғандай, біткен жол жоқ, алайда қаржысы бітуге айналған. Осы бір жайтқа, жалпы аудан орталығындағы ауылішілік жол құрылысының жүруіндегі өзге де олқылықтарға орай ой-пікірлер ортаға салынған қоғамдық кеңес мәжілісінде оған қатысушылар бұған бей-жай қарауға болмайтындықтан мәселенің мәнісін анықтап, тиісті шаралар алуды сұрап облыс әкіміне арнайы хат жолдау-ды ұйғарды.

Аудан орталығындағы жағдай осындай болғанда, өзге де ауылдық округтер орталықтарындағы жол құрылысының жайы мәз болмай тұр. Хабарламада келтірілгені мынадай деректер:

«Исатай ауылындағы ауылішілік автокөлік жолдарын қайта құралымдау» нысаны - 8,6 шақырым жол, мердігер – «Атырау жолдары» ЖШС, техникалық қадағалаушы - «Дирекция строящихся предприятий «БКА-Групп» ЖШС, авторлық қадағалаушы - «Уралводпроект» ЖШС. Келісімшарт бойынша құны -  951 717,3 мың теңге.  2020 жылы 321 717 249,62 теңге қаржы игерілген. 2023 жылға 380 000 000,0 теңге қаржы жоспарда тұр. 7,2 км жерді тегістеу жұмыстары жасалған. Ағымдағы жылға жұмыс басталған жоқ.

«Тұщықұдық ауылы ішіндегі жолдарды (жаяу жолдармен) реконструкциялау» нысаны автокөлік жолы – 8,3 шақырым, жаяу жүргінші жолы – 4,9 шақырым, 26 көшеге мердігер –  «Атырау жолдары» ЖШС, техникалық қадағалаушы - «БКА-Групп» ЖШС, авторлық қадағалаушы - «Шыңдау» ЖШС. Келісімшарт бойынша құны - 883 302,9 мың теңге. 8,2 км жер жұмыстары, 4,9 км жаяу жүргіншілер жолы жүргізілген. 2020 жылы 559 002 928,48 теңге қаржы игерілген.

Мердігер мекеменің қатынас хатына сәйкес жол-құрылыс материалдарының құнының қымбаттауына және жобалық-сметалық құжаттамасына өзгеріс енуіне байланысты корректировка арқылы облыстық бюджеттік комиссияға ұсынылды.

«Жанбай ауылында автомобиль жолдарын реконструкциялау» нысаны - 9,5 шақырым жол, мердігер – «Атырау жолдары» ЖШС, техникалық қадағалаушы - «Дирекция строящихся предприятий «СТРОЙИНТЕГРАЦИЯ» ЖШС, авторлық қадағалаушы - «Уралводпроект» ЖШС. Келісімшарт бойынша құны - 1 001 215,0 мың теңге. 2020 жылы - 807 464 000,0 теңге, 2021 жылы 151 801 000,0 теңге қаржы игерілген. Қалған қаржы - 41 949 769,63 теңге. 9,5 км ірі түйіршікті щебень қабаты төселген. Ағымдағы жылға жұмыс басталған жоқ.

Тұщықұдық, Жанбай, Исатай ауылдарының жолдары бойынша «Атырау жолдары» ЖШС-нен тұрақсыздық айыбын өндіру үшін Атырау облысының мамандандырылған ауданара-лық экономикалық сотына талап арыз берілді. 3 объекті бойынша 9 258 365,0 теңге тұрақсыздық айыбын өндіруге соттың ұйғарымы шығарылған.

«Зинеден ауылындағы ауылішілік жолдарды реконструкциялау» нысаны - 5,1 шақырым жол, мердігер – «Алтай-С» ЖШС-мен келісімшарт жасақталынды. Нысанның техникалық қадағалаушысы - «Аретмида Снаб» ЖШС, авторлық қадағалаушы «Джаксыбаева Б.С» ЖК. Келісімшарт бойынша құны - 595 932 202,44 теңге. 2022 жылы 61 371 991,0 теңге қаржы игерілген. Қалған қаржы - 534 560 211,44 теңге. Жерді тегістеу, соқаларды ауыстыру жұмыстары жасалған.

Бөлім басшы тізбелеп шыққан осы деректерді тыңдай отырып, кейбір сауалдарын да көлденең тартқан кеңес мүшелерінің білгені - тап осы уақытқа тек Х. Ерғалиев ауылында ғана ауылішілік жол құрылысы жұмыстары жүріп жатқаны. Кеңес мүшесі Құрманғали Наубетов ол ауылдағы жұмыс барысын өзі аралап көріп шыққанын, ойдағыдай жүріп жатқанын ортаға салды. Сондай-ақ, ол жоспарға енбей қалғандықтан жол төселмей қалуы мүмкін жерлер де барын айтып, соның оң шешілуін ойластыруды сұрады. Өткен жылы басталып-тасталған жұмысын биыл қайта қолға алған мердігер «ПромСтройМонтаж-XXІ» ЖШС мұнда жерді тегістеп және жаяу жүргіншілер жолдарын жасауда. «Ауыл-Ел Бесігі» жобасы аясында республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржысы қаралып, жүзеге асып жатқан мұндағы жол құрылысының құны бір мииллиард теңгеге жуық, нақтылай айтқанда, 976 554,9 мың теңге.

Міне, көктемнің соңғы айы да орталап қалғанда, жол бойындағы жұмыстар нағыз қарқын алар кезде ауылішілік жол құрылыстарының жайы осындай болып отырғаны өкінішті. Уақыт болса, жайбасарлықты күтпейді. Енді аз күнде жаз да басталып, жауын-шашынның шаруаға бөгеті мол қоңыр күз  жақындай береді.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT