ҚЫТАЙМЕН ҚАТЫНАС – САУДА-САТТЫҚТЫ ДАМЫТУДЫҢ КЕПІЛІ

Қазір әлеуметтік желілерде Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режим туралы түрлі пікірлердің айтылып жатқандығы белгілі.

Тіпті, Президентіміздің Қытайға сапарын да сынға алып жатқандар бар. Бұл түсініспеушіліктен туындап жатқан пікірлер деп ойлаймын... Менің ойымша, қысқа мерзімді визасыз режимді енгізген дұрыс. Өйткені, бұл – әлемдік үрдіс. Әлемдегі жүзден астам ел визасыз режимді қолданады. Бұл жағдайға сауатты түрде қарауымыз керек секілді. Шекара асып келген көршілерімізден үркудің қажеті жоқ. Керісінше, туристер келіп еліміздің экономикасына қаражат құяды. Сауд Арабиясы, Тайланд секілді мемлекеттердің өзі осы визасыз режим арқылы жан бағып отырған жоқ па? Өзімізге мәлім, біздің еліміз әлі де болса даму үстіндегі мемлекет. Сондықтан көршілес жатқан Қытай мен Ресейдің әлеуетін пайдалану, көрші болған соң бәрімен де араласуымыз қажет. Әлбетте ұзақ мерзімді визасыз режим болсын деп жатқанымыз жоқ. Қысқа мерзімді визасыз режим қолданысқа енгізілсе туристік және іскерлік сапарларға жол ашылар еді. Визасыз режимді енгізу экономикаға оң әсер етіп, туристерден қонақүйлерге, мейрамханаларға, мәдени ойын-сауық орындарына қаражат түсер еді. Жердің шетелдіктерге сатылмайтыны, жалға берілмейтіндігі белгілі. Мұның бәрі заңмен реттелген. Қытайлықтар келгеннің өзінде елімізге сіңісіп кете алмайды. Халықтың да ішінде түрлі пікір иелері болған соң осындай түсінбеушіліктер туындап жатқан болар. Қай нәрсені де жоққа шығарар алдында сараптап, зерделеп алуымыз қажет. Визасыз режим экономикалық тұрғыдан пайдалы болады деп ойлаймын. Визасыз келген туристер азаматтыққа тапсыра алмайды. Қазақстан 26 елмен өзара визасыз режим енгізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы тұста мен мына нәрсеге көңіл аударып, назарда ұстау қажет деп есептеймін. Әр облыстан Қытай кәсіпкерлерінің рұқсат қағазын қадағалап отыратын құзыретті мекемелер жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар, ай сайын елімізге келіп-кеткен Қытай азаматтарының статистикасы сараланып, көрші елмен бірлесіп жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпорындар мен кейбір ықпалды тұлғалардың заңдық жауапкершілігі назарға алынғаны дұрыс. Ал, көршілес елдің экономикалық мүмкіндігін біздің елдің азаматтары да пайдалана білуі қажет. Қарапайым ғана логика. Бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бәрінде бұл тәжірибе бар. Тіпті Қытай мемлекетінің өзі осы жүйе арқылы көтерілген. Сондай-ақ, бұрынғыдай виза алу үшін ұзақ уақыт жүрмес үшін уақытты да ұтымды пайдалануға болады.

Уәлібай НҰРБАҚЫТ, аға оқытушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT