ҚЫЗЫЛҚОҒАЛЫҚТАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ТҮСІНДІРІЛДІ

Қызылқоға ауданына жасаған сапары барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары М.Мурзиев түстен кейін «Ауыл аманаты» жобасын және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған өзге де мемлекеттік бағдарламаларды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында аудандық «Арман» мәдениет үйінде кәсіпкерлер, шаруагерлер және өзге де жергілікті тұрғындармен кездесті. 

Аталған жиынға облыстық кәсіпкерлік және туризм, облыстық ауыл шаруалығы басқарма басшылары, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті қаржылай қолдау қоры және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы филиалының өкілдері қатысып, тиімді мемлекеттік бағдарламалар жөнінде баяндама жасады. 

Жалпы, Атырау облысына осы жылы кәсіпкерлерді қаржылай қолдау мақсатында мемлекеттік және жергілікті бағдарламалар аясында бюджеттен 13 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 9,4 млрд теңге бөлінсе, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1,5 млрд теңге, «Бизнес-аймақ» бағдарламасы аясында 1 млрд теңге және жастарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелендіруге 680 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын. 

Қазіргі уақытта өңірде 231 жоба, оның ішінде Қызылқоға ауданы бойынша несие сомасы 54,4 млн теңге болатын аудандағы 11 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды. 

Кездесуде қызылқоғалықтар тарапынан мемлекеттік бағдарламаларға деген қызу қызығушылық байқалып, тиісті басқарма басшылары мен қаржы институт өкілдеріне толассыз сауалдар жолданды. 

Тиісінше, толыққанды жауаптар беріліп, соның нәтижесінде, бірқатар тұрғындар сол мезетінде өздеріне тиімді мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT