Қайрат Нұртаев Исатай ауданының жаңа әкімін таныстырды

Бүгін Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Нұртаев іссапармен Исатай ауданына табан тіреді. 
Соған орай, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активінің жиыны өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Жиында сөз алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Нұртаев: 
- Өздеріңізге белгілі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен,  5- қарашада пилоттық режимде 42 аудан мен облыстық маңызы бар үш қала әкімдерін сайлауы өтті. Біздің өңір бойынша Исатай және Қызылқоға аудандарында тұрғындар өз әділ таңдауын жасады. Олай болса, дәл қазір осыған дейін Исатай ауданында 3 – жылға жуық уақыт басқарған Хасанов Полымбет Максимұлына облыс әкімінің арнайы алғыс хатын табыстаймыз, -деп ыстық ықыласын жеткізіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Бұдан кейін сайлаудың қорытындысын мәлімдеген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Губашевтың айтуынша, аудан бойынша сайлаушылар тізіміне 15883 азамат енгізілді. 3 адам кандидат болып тіркелді. 5 қараша күні өткен сайлауда дауыс беруге – барлығы 8675 сайлаушы қатысты. Учаскелік сайлау комиссияларының дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалары негізінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын шығарды.

Нәтижесінде, Асылан Ғұбаш 1327 дауыс, Рашид Мұқанов 2295 дауыс, Нұрым Мусин 4934 дауыс жинады. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны - 35.
Баяндамадан соң, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашевтың «Сайлау туралы»   Конституциялық заңының  14-бабы,  9 тармақшасына, 45-бабына, 113-11-бабының 1-тармағына сәйкес, Нұрым Мусинге ресми түрде аудан әкімінің куәлігін табыстады.     
Айта кетейік, Мусин Нұрым Бекежанұлы  1980 жылы туған. 
Ол Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік Университетін «экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның Исатай аудандық филиалында ақпараттық технологиялармен қамтамасыз етуші маман болып бастаған,одан кейін Аққыстау селолық округінде  маман, жетекші маман, Исатай аудандық қазынашылық басқармасында жетекші маман, бас маман-қазынашы болып қызмет атқарған. Сондай-ақ, Исатай аудандық құрылыс бөлімінде бас маман-есепші, Исатай ауданы әкімінің көмекшісі, аудан әкімі аппаратының басшысы, «Нұр Отан» партиясы Исатай аудандық филиалында, кеңесші болып қызмет етті. «Атамекен» ҰКП Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы Исатай аудандық филиалында менеджер-кеңесші, кейін «Атамекен» ҰКП Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы Исатай аудандық филиалының директоры. 
 «AMANAT» партиясы Исатай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, филиал төрағасы. 2023 жылдың сәуір айынан бері Исатай аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарды. 
Жиында сөз алған ауыл ардагерлері жаңа басшының жұмысына сәттіліктер тіледі. Одан соң,  аудан әкімі Нұрым Мусин мінбеге көтеріліп, өзін қолдаған барша сайлаушыға алғысын айтып, ата қонысы Нарын өлкесіне адал қызмет ететіндігін жеткізді.
                                                                       

 

Сағыныш  ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521