«Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында Мемлекет басшысы қоғамда бұрыннан айтылып жүрген, бірақ ашық көтеріле бермейтін бірқатар мәселеге тоқталды. Соның бірі – ірі бизнес өкілдерінің өмір салты мен олардың әлеуметтік жауапкершілігі.
Президент ірі бизнестің мемлекет үшін маңызын жоққа шығармайды. Керісінше, кәсіпкерлерді экономиканың тірегі ретінде атап, олардың заңды мүддесін қорғағанын ашық айтады. Бұл – билік пен бизнес арасындағы сенімнің бар екенін көрсететін маңызды белгі. Алайда сол сенім біржақты болмауы тиіс. Қоғам да бизнестен тек табыс емес, әдеп пен үлгі күтеді.
Швейцария мысалы арқылы айтылған ой – салыстыру үшін ғана емес, ойландыру үшін келтірілген. Миллиардтаған қаржыға ие бола тұра, көзге түсуге ұмтылмау, қарапайым болу – байлықтан бас тарту емес, керісінше, ішкі мәдениеттің өлшемі. Ал бізде сән-салтанатты өмір салты кейде табыстың емес, қоғаммен байланыс орната алмаудың көрінісіне айналып жатады. Сол кезде наразылық туады.
Президент қайырымдылықты «бизнес пен қоғам арасындағы өзара келісім» деп дәл сипаттайды. Бұл – мәжбүрлеу емес, моральдық міндет. Қайырымдылық тек қаржы бөлу емес, ол – елмен бірге өмір сүру, халықтың көңіл күйін сезіну, жауапкершілікті сезіну.
Бұл жауаптан бір маңызды ой анық аңғарылады: бизнес қанша жерден жеке меншік болса да, оның қоғамдық салмағы бар. Ал сол салмақты көтере білу – нағыз кемел кәсіпкерліктің белгісі. Байлық көзге түсу үшін емес, қоғамға қызмет ету үшін қадірлі болуы керек.
Мөлдір ЖАНБОЛСЫНҚЫЗЫ,
кәсіпкер


