Қайырымдылық шаралары – мейірім мен бауырмалдықтың айғағы, адамгершіліктің ең асыл көрінісі. Себебі қайырымдылық – тек көмек емес, ол жүректен шыққан жылылық, өмірге сенім ұялататын ізгілік нұры. Қазан айы қайырымдылыққа толы игі істері легі көп болса, соның бірі қазан айының екінші жексенбісі – мүгедектігі бар адамдар күні. Бұл күн – қоғамдағы әрбір жанның тең құқылы екенін еске салып, ізгілік пен мейірімге үндейтін ерекше күн. Осы орайда Тұщықұдық ауылында «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кең пейіл мен қамқорлыққа толы мерекелік дастархан жайылып, қайырымдылық шарасы өтті.
Мерекелік дастархан басына осы аталған қоғамдық бірлестіктің мүшелері, яки ауданның әр ауылынан келген мүгедектігі бар жандар жиналып, өзара қуанышпен, жылы ықыласпен қауышты. Шараға аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән мен күйден шашу шашып, кештің ажарын аша түсті.
Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақов сөз сөйлеп, аудан әкімі атынан игі тілегін білдіріп, қоғам өміріне белсенділік танытып жүрген жандарға жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар қоғамдық бірлестіктің аудандық филиалы басшысы Амангелді Нәбиевке аудан әкімінің атынан Алғыс хат табыс етілді.
Шараға облыстан арнайы келген «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Үмбеталиев те сөз алып, тағдырлас жандардың қоғамдағы орны ерекше әрі оларға бір жылы сөздің өзі де жан жылулығын сыйлайтынын атап өтті.
–Қайырымдылық тек қаржылай көмекпен шектелмейді. Кейде бір жылы сөз, бір игі іс те адамның көңілін көтеріп, өмірге деген сенімін арттырады.Осындай үлкен жүректі азаматтардың арқасында қоғамда мейірім мен ізгілік салтанат құрып келеді,-деді ол өз сөзінде.
Келесі кезекте сөз алған қоғамдық бірлестіктің аудандық филиал төрағасы Амангелді Нәбиев өз сөзінде қайырымдылық іс-шарасына демеушілік танытып, қолдау көрсеткен барша жомарт жандарға ризашылығын білдірді.
–«Қазан – қайырымдылық айы» дейді ғой қазақта. Бұл айда игі істердің, ізгі ниеттің, бауырмалдық пен мейірімнің лебі ерекше сезіледі. Біз де осы дәстүрді жалғастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлау мақсатында бұл шараны ұйымдастырдық. Адамға жақсылық жасау – ең үлкен сауап, ал осындай ізгі амалдың басы-қасында жүрген әр азаматтың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Сонымен қатар шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан, себепкер болған Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ерболат Нұрлыбекұлына, Жанбай ауылдық округінің әкімі Ерлан Ескендірұлына, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Қибажанұлына айрықша алғыс білдіремін. Сонымен қатар ел ішінде ізгі іспен танылып жүрген Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны, кәсіпкер Азамат Құрманғалиұлының да есімін айтпай кеткенім жөн болмас.Осындай жанашыр азаматтар көп болсын,-деді ол.
Сөздің соңында айтпағымыз, бір-біріне мейіріммен қарай білген қоғам ғана берекелі болмақ. Осындай шаралар арқылы жүректерге жылу ұялап, өмірге деген сенім артады. Сондықтан атаулы күнмен шектелмей, қашанда қайырымдылыққа толы игі істер жалғасын тауып, әрбір жанның жүрегіне қуаныш пен үміт сәулесін сыйлай берсін.
Сағыныш ҚАЙЫР