Қамсыздық қылмысқа жол ашады

 

Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта ауданымызда профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған бағыттағы атқарылған іс-шаралар мен алдағы міндеттерді нақтылау мақсатында аудан әкімдігі жанынан аппараттық жиын өтті. 

Жиын барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер арасында деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелері күн тәртібіне шығарылып, жауапты сала өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Аппараттық кеңес қорытындысында аталған бағыттар бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту, мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды арттыру және ақпараттық түсіндіру шараларын жүйелеу қажеттігі атап өтілді. 

 

 


БІР ҚАДАМ АБАЙСЫЗДЫҚ ӨМІРЛІК ШЫҒЫНҒА ӘКЕЛЕДІ

Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қылмысы тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті мәселе болып отыр. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы алаяқтық әрекеттердің жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашты. Бұрын алаяқтар бір-бірін танитын, бетпе-бет кездескен адамдар арасында әрекет етсе, бүгінде интернет-алаяқтық қылмыстары қашықтықтан, тіпті басқа қала немесе ел аумағынан жасалуда.

Аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дулат Нұрмұханбетов тұрғындарды сақ болуға шақырды. Оның мәліметінше, алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрі – өзін банк немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалуы екен.

 

 

–    Интернет-алаяқтар бүгінгі таңда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, жалған жарнамалар, сілтемелер мен хабарламалар арқылы азаматтардың сеніміне кіріп отыр. Ең қауіптісі – алаяқтардың өзіміздің ана тілімізде сөйлеп, өзін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстыруы. Алаяқтар азаматтарға «есепшотыңызға шабуыл жасалды», «сіздің атыңыздан несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытады. Артынша 1414 нөмірінен келген СМС кодты сұрап, «қауіпсіз есепшотқа» ақша аударуды талап етеді. Есте сақтаңыздар,  банк қызметкерлері телефон арқылы СМС код сұрамайды және қауіпсіз есепшот деген ұғым жоқ. Әлеуметтік желілерде «криптовалюта», «ірі компания акциялары», «жылдам табыс» деген жарнамалар жиі кездеседі. Мұндай хабарландырулардың басым бөлігі – алаяқтық.  Алғашында салған қаражатыңыз өсіп жатқандай жалған скриншоттар жіберіп, кейде аз мөлшерде ақша қайтарып, сенімге кіреді. Кейін ірі көлемде қаржы салуға көндіріп, байланысын үзіп кетеді. Сонымен қатар «жүлде ұтып алдыңыз» деп алдын ала төлем сұрау бұл да алаяқтардың айласы, – деп ескертті тәртіп сақшысы.

Тағы бір қауіпті бағыт – тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыруды ұсынатын «обналичка» қызметі. Бұл да заңсыз әрі алаяқтық әрекетке жатады. Ал әлеуметтік желілер мен сайттарда арзан бағамен тауар сатамыз деп алдын ала төлем талап ететіндер де жиі кездеседі. 

Жалғасы газеттің №5 (4270) санында

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT