ҚАМЫС ҚАСАҚАНА ӨРТЕЛЕДІ қаскөйлерді құрықтау қиын

суреттер автордікі

 

Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде қамыс пен дала өртінің жиілеп кетуі экологиялық мәселеге айналып отыр. Әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде құрғақшылық пен ыстық ауа райы табиғатқа төнетін қауіптің артуына ықпал етуде. Бұған қоса, мамандар қамыс өртіне себепші болатын басты фактор ретінде адам әрекетін атап көрсетіп отыр.

Табиғаттың тыныштығын бұзып, айналаға қауіп төндіретін өрт оқиғалары аудан көлемінде де тіркеліп келеді. Соның бірі – Каспий теңізі маңындағы қамыстық алқаптарда орын алған өрт жағдайлары. Осы мәселеге байланысты аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ахат Ахбалин, аудан әкімі аппаратының жалпы жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің маманы Нұрасбек Бозбалиев және ауылдық округтер әкімдері Жанбай ауылының батысынан 15 шақырым қашықтықтағы қамыс алқабын аралап, ахуалды көзбен көріп қайтты.

Ахат Ахбалиннің айтуынша, соңғы жылдары көктем мен жазда ауа райының ысуы мен құрғақ әрі желді күндердің көбеюі өрт қаупін күрделендіре түскен. Оған адам әрекеттері қосылғанда, жағдай тіпті ушығып тұр.

– Қазақ «өрт – тілсіз жау» дейді. Ауа райының әсері барын жоққа шығармаймыз, алайда соңғы кезде теңіз жағасындағы қамыс алқаптарында орын алған өрттің көпшілігі адамның тікелей қатысуымен болды.

Әрине, бұл – табиғатқа жасалған қастандық. Қамысты өртемей-ақ тазалауға болады. Қоршаған ортамен жарасымды өмір сүру – әр азаматтың санасы мен жауапкершілігіне байланысты. Осыны терең ұғынуымыз қажет, – деді бөлім басшысы.

Өрт сөндіру қызметінің өкілдері тілсіз жауға қарсы күресте барлық мүмкіндікті пайдалануда. Алайда кейбір алқаптарға техникамен жету қиын. Осыны ескеріп, аудан әкімдігі «Жайықмұнайгаз» кәсіпорнымен келісім шарт жасасып, техникалық қолдау алған. Бұл – төтенше жағдайларға жедел әрекет етудің тиімді жолы.

Жанбай ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсотов қамыс өртіне аң аулауға жағдай жасау мақсатындағы қасақана өртеу әрекеттерінің де себеп болып отырғанын жасырмады.

 

 

– Жазда Жанбай маңындағы қамыстар жиі жанады. Көп жағдайда адам қолымен жасалады. Қасақана өртеу арқылы жерді тазартқысы немесе аңды үркітіп шығарғысы келетіндер бар. Өкінішке қарай, кінәлілерді ұстау қиын. Әкімдік тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – тек мемлекеттік органдардың емес, барша тұрғындардың ортақ міндеті, – деді округ әкімі.

Жергілікті тұрғындардың да бұл мәселеге қатысты алаңдаушылығы артып келеді. Жанбай ауылының тұрғыны, зейнеткер Мырзажан Балпанов қамыс өрті кезінде денсаулығына зиян келетінін айтып шағымданды.

– Қамыс жанған күні терезе ашуға қорқамыз. Түтін үйге кіріп, тыныс алуға кедергі болады. Әсіресе балалар мен қарттарға қиын. Бұрын сирек болатын еді, қазір жиілеп кетті. Су маңындағы тіршілікке де кері әсерін тигізіп жатыр. Түтінге байланысты аллергия, тыныс жолдары ауруы барлар үшін бұл – өте қауіпті жағдай,-дейді ол.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары да өрттің туындауына адамдардың салғырттығы жиі себеп болатынын бірнеше рет ескерткен.

– Қамыс арасында оттың тұтануы көбіне адамдардың отты абайсыз қолдануынан немесе қасақана әрекеттерінен болады. Демалушылар шала сөндірілген темекі тұқылын немесе жағылған отты қараусыз қалдырып кетеді. Бұл – заң бұзушылық қана емес, өте қауіпті қадам,-дейді сала мамандары.

Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға әкімшілік жаза қолдану шараларын қолға алған. Сонымен қатар қамысты шабу, профилактикалық жұмыстар жүргізу, арнайы техникамен қамтамасыз ету бағытындағы кешенді шаралар да іске асырылуда.

Қамыс өрті – кейде табиғи құбылыс секілді көрінгенімен, оның астарында адам денсаулығына, қоршаған ортаға және елді мекендерге төнетін нақты қауіп жатыр. Түтінмен бірге жайсыздық қана емес, қауіп-қатер де өршиді.

Мамандардың дабылы, әкімдіктің ескертуі, тұрғындардың шағымы – бәрі бір мәселені меңзейді: қамыс өртімен күрес техниканың ғана емес, ең алдымен сананың ісі болуға тиіс.

Қамыстың жануы – бір сәттік бейқамдықтың салдары ғана емес, табиғатпен үйлесімді тірліктің бұзылуы. Бұл – тек құтқару қызметінің міндеті емес, әр азаматтың азаматтық борышы. Әрбір тұтанған өрт – ауаны улап, адам денсаулығына кесірін тигізіп қана қоймай, экожүйеге орны толмас зиян келтіреді.

Сондықтан әр адам табиғатқа бейжай қарамай, жеке жауапкершілікті терең сезінуі қажет.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT