Қамысқала ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы дауыс берді

 

Бүгін Қамысқала ауылдық округінде өтіп жатқан әкім сайлауы – ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызды саяси сәт. Таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне ағылған халық өз таңдауларын жасап, ауылдың ертеңіне бейжай қарамайтындықтарын дәлелдеуде. Солардың қатарында – Қамысқала ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы, ел ағасы Орынбай Дәулетияров та бар.

Өзінің азаматтық борышын орындап, дауыс берген ардагер бұл сайлаудың ауыл өміріндегі рөлін ерекше атап өтті.

– Бүгінгі сайлау – ауыл өміріндегі елеулі оқиға. Халықтың өз әкімін тікелей таңдауы – демократиялық қоғамның айғағы. Біз, ауыл ардагерлері, әрдайым ел бірлігін, ынтымағын сақтауға шақырамыз. Кім сайланса да, ең бастысы – ауылдың дамуына шынайы қызмет етуі қажет. Біз ардагерлер қауымы жаңадан сайланған әкімге қолдау білдіріп, қажет кезде ақыл-кеңесімізді айтып, тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Сондықтан да ардагерлер сайлауға белсене қатысып, ауыл тағдырына жауапкершілікпен қарайды, – деді Орынбай Дәулетияров.

Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосқан Орынбай ағай бүгінде Қамысқала ардагерлер ұйымын басқарып келеді. Ауылдық кеңестің, мәдениет пен тәрбие ісінің бел ортасында жүрген ол ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты сақтауға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған істердің ұйытқысы болып жүр.

Оның айтуынша, ауылдың болашағы – бүгінгі дұрыс таңдау мен бірлікте.

– Ауыл – елдің түбі. Сондықтан әркімнің таңдауы – туған жердің тағдырына тікелей әсер етеді. Бұл науқан халықтың саяси мәдениетін арттырып, елдік мүддені биік қоюға шақырады, – дейді ардагер.

Қамысқала ауылдық округінде әкім сайлауына төрт үміткер тіркеліп, әрқайсысы өздерінің даму бағдарламасын тұрғындарға ұсынған болатын. Ал бүгін — сол еңбектің сыналар күні. Халық сайлау учаскелеріне келіп, ауылдың келешегін айқындайтын шешім қабылдап жатыр.

Ардагерлердің сайлауға деген белсенді қатысуы – ұрпаққа үлгі. Олардың өмірлік тәжірибесі мен парасаты ауыл өміріндегі тұрақтылықтың, ел ішіндегі бірліктің кепілі екені анық.

Қамысқала ардагерлерінің бұл ұстанымы — елге деген сүйіспеншіліктің, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Ауылдық округ тұрғындары үшін бұл сайлау – жаңа бастамалар мен нақты істердің бастауы болмақ.

 

Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT