«Қамысқала» клубы футзал алаңында облысты бағындырды

Исатай ауданында спорт саласы жылдан-жылға қарқын алып келеді. Соның жарқын дәлелі – «Қамысқала» шағын футбол клубының ересектер арасында тұңғыш рет Атырау облысының футзал чемпионы атануы.

Әрине, бұл бір ғана команданың емес, тұтас ауылдың жеңісі, еңбек пен бірліктің нәтижесі.

Биыл өткен футзалдан әуесқойлар арасындағы Атырау облысының чемпионатына 13 команда қатысып, екі ай бойы үздік атақ үшін бақ сынады. Жарыстар әр аптаның сенбі және жексенбі күндері өткізілді. Облыстың барлық аудандарынан және қаладан жиналған командалар тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Осы додада «Қамысқала» шағын футбол клубы ерекше көзге түсіп, шеберлігімен де, ұйымшылдығымен де өзгелерге үлгі болды. Тәжірибелі ойыншылар мен жас таланттардан құралған команда әр ойында табандылық танытып, қарсыластарын бірінен соң бірін тізе бүктіріп отырды. Нәтижесінде — облыстың жаңа чемпионы атанды.

Команданың жаттықтырушысы әрі капитаны Айбол Бисенбаев бұл жетістікті ауыл халқының ортақ қуанышы деп бағалады.

– Бұл жеңіс – қамыскалалықтардың еңбегінің жемісі. Біз тек аудан емес, облыс көлемінде де үздік екенімізді дәлелдедік. 2025 жыл біз үшін ерекше есте қалмақ – ауданның да, облыстың да чемпионы атандық. Бұл – бастамасы ғана, алда бұдан да жоғары белестерді бағындырамыз деп сенемін. Әр ойын сайын қолдауын аямаған ауыл тұрғындарына алғыс білдіремін. Командамызға жанкүйер болып, демеушілік көрсеткен азаматтардың еңбегі зор,-деді ол.

«Қамысқала» командасының бұл жетістігі Исатай ауданындағы спорт қозғалысына тың серпін берді. Команданың табандылығы мен жеңіске деген жігері ауыл жастарына үлгі болып, спортқа деген қызығушылықты арттыра түсті.

«Қамысқала» командасының бұл жеңісі — ауыл спортының өркендеу жолындағы үлкен жетістік. Ең бастысы, олардың әр жеңісінің артында шынайы жанкүйерлік пен халықтың бірлігі тұр. Әр ойын сайын арнайы барып, ыстық ықыласымен қолдау көрсеткен қамыскалалық жанкүйерлердің жігерлі рухы командаға сенім сыйлады. Сол қолдау мен ауызбіршіліктің арқасында «Қамысқала» атауы бүгінде Атырау спортының жаңа биігінен көрініп отыр. 


Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT