Атырау қаласында өткен кіші аяқдоптан қысқы біріншілік өз мәресіне жетіп, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. Кәсіби футбол матчтарынан кем түспеген, керісінше залды лық толтырған өңір чемпионаты әлеуметтік желілерде қайта-қайта қаралым жинап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Тартысқа толы өткен турнирде аудан намысын қорғаған Қамысқала құрамасы жоғары нәтижесімен көзге түсті.
17 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатырған облыстық І лигада 15 команда бақ сынап, қамысқалалық аяқдопшылар 29 ұпай жинап, турнирлік кестеде үздік үштіктің қатарынан көрінді. Нәтижесінде команда қола жүлдеге ие болып қана қоймай, облыстың басты додасы – Премьер лигаға жолдама алды. Бұл – аудан спорты үшін үлкен жетістік әрі тарихи белес. Қамысқала құрамасының ойыншысы Қазыбек Тұрақбайұлы, мықты құрамалардан жинақталған лига да жүлдеге таласу оңай болмағанын атап өтті.
– Биылғы біріншілік өте тартысты өтті. Лигаға әр команда мықты құрам жасақтап келгендіктен, әр ойын біз үшін шешуші сипатта болды. Ықпалды, тәжірибелі ойыншылар жиналған чемпионатта жүлдеге таласу оңай емес. Дегенмен, біз бірлік пен тәртіптің арқасында мақсатымызға жақындай алдық. Команданың осындай жарысқа қатысуы, ойыншылардан бөлек командаға қаржылай қолдау көрсеткен ауыл азаматтарының, шаруагерлерінің, команда жанашырларының үлесі зор. Бұл қола медаль – бүкіл команданың маңдай терінің жемісі. Ал Премьер лигада бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз – дейді команда мүшесі.
Бұл жетістік – тек бір команданың ғана емес, аудан спортының дамуына серпін беретін маңызды қадам. Алда Премьер лига бәсекесі күтіп тұр. Қамысқалалық аяқдопшылардың жаңа белесті бағындырып, жанкүйерлерді тағы бір қуанышқа бөлейтініне сенім мол.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН



