Спорттың бұқаралылығын дамыту - мемлекетіміз көздеп отырған игі мақсаттардың бірі.
Өйткені, елдің өркендеуі үшін ең алдымен халқы салауатты өмірге бейім болуы шарт. Ал, азаматтарды спортқа баулу үшін, әрине, мемлекет жағдай жасауы қажет.
Қамысқала ауылында спортқа, оның ішінде, аяқдопқа бейім жастардың қатары аз емес. Әсіресе, соңғы жылдарда аудан көлеміндегі жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген оларға тұрақты түрде шынығатын арнайы орынның болмауы «әттеген-ай» дегізіп жүргені жасырын емес. Жақын жылдарда ауылдарға спорт кешені салынады деген сүйінші хабар ауылдың спортсүйер азаматтарын бір қуантып тастаған. Дегенмен, әлі орны белгіленіп, іргетасы қаланбаған оның құрылысы басталып, пайдалануға бергенге дейін аз уақыт кетпейтіні белгілі.
Күні кеше ауыл шетінен жаңа кіші аяқдоп алаңының ашылуы ауыл жастарын қуанышқа кенелтті. Ұ.Сапарғалиева көшесінде салынған жабынды алаң ның ашылу салтанатында ауылдық округ әкімі Р.Тажиденова ауыл жастарын құттықтап, оларға спорттың бұл түрінен жүлделі орындарды иеленулерін, ауыл халқына салауаттылықты насихаттауда үлес қосуды тіледі. Кіші аяқдоп алаңының лентасын ауыл ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі И.Сәтенов пен «Аққу» бөбекжай-бақшасының директоры А.Жұмабайқызы қиды.
Айта кетейік, алаңның жасанды жабынын төсеп, жабдықталуына «БатысАльянсСтрой» ЖШС бас директоры облыстық мәслихаттың депутаты Ә.Орынбасарұлы демеушілік жасады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ