Қазыналы қария – елдің абыройы мен ұлттың шежіресі. Өткеннің өнегесін, өмірдің өрнегін кейінгі ұрпаққа аманат етіп келе жатқан ақсақалдарымыз – қоғамның рухани тірегі, береке мен бірліктің бастауы. Қамысқала ауылында өткен бұл форум – сол қазынаға толы қарттарымыздың өмірлік тәжірибесі мен ұлағатты сөзін жастарға үлгі етуге арналған тағылымды жиын болды.
Форумның шымылдығы ансамбльдің орындауындағы әсерлі күймен ашылды. Іс-шараның алғы сөзін Қамысқала ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Бекболат Мусин алып, форумның мақсат-міндетіне тоқталды.
Жиын барысында ардагерлер қауымы бас қосып отырған сәтте, өз отбасы жағдайына байланысты Бекболат Мусин ұйым төрағалығын ауыл тұрғыны Орынбай Дәулетияровқа ұсынды. Бұл ұсынысты жиылған көпшілік бір ауыздан қолдады.
Форумда төрт спикер сөз алып, отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар және қоғамдағы ата-ана рөлі туралы өз ойларын ортаға салды.
Алғашқы боп сахнаға шыққан ардагер ұстаз Амантай Жәлекеев отбасындағы ата тәрбиесінің маңызын тілге тиек етті.
–Бұлақ тұнық болса, өзені де мөлдір болады. Баланың бесіктен алған тәрбиесі балабақша мен мектепте жалғасын табуы тиіс. Ер азамат – сабырлы, шыншыл, бірсөзді болуы қажет. Ана мейірімді болғанымен, әке жауапкершілігін ештеңе алмастыра алмайды. Әке мен атаның беделін арттыру – бүгінгі күннің басты міндеті, – деген оның сөзі көпшілікке ой салды.
Ал келесі кезекте Новобогат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Бибігүл Төлеуова өз сөзінде әже тәрбиесінің рөлін ерекше атап өтті.
–Абайдың тұлға болып қалыптасуына Зере әжесінің ықпалы зор болғаны белгілі. Шоқанның анасы Айғаным, Бауыржан Момышұлының әжесі – ұлт руханиятының шамшырақтары. Бүгінгі балаға ертегімен ғана емес, заманауи білім мен технология арқылы әсер ету керек. Өмірде бар тұлғаларды үлгі ету – ең тиімді тәрбие құралы, – деген ол өткен тарихқа да көз жүгіртті.
Ал одан бөлек бұл шарада жас болса да үлгілі боп жүрген отбасылық жұп Әмірхан Қазихан мен жұбайы Жайнагүл Төкешова
өз ойын қысқаша түйіндеп, бала тәрбиесі – тек отбасының емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екендігін, ұлттың рухани тірегі саналатын ұлттық құндылықтарды дәріптеу қажеттігін сөз етті.
Шара соңында көрермен арасынан ауыл тұрғыны Ибатолла Сәтенов пікір білдіріп, ұрпақ тәрбиесінің мәңгілік мәні бар екенін айтты.
–Ұрпақ тәрбиесі – мәңгілік тақырып. Жастар қатарынан әнші Димаш ініміз қазақтың атын әлемге танытып жүр. Сол секілді қазақ атың шығаратын текті ұрпақтар көп болсын! Жүсіпбек Аймауытов «мәдениетті адам – тәрбие арқылы қалыптасады» деген. Сондықтан балаға «тәртіпті бол» демес бұрын, ең әуелі өзіміз үлгі болуымыз қажет», – деді сөзін нық айтып.
Осылайша, форум барысында көркемөнерпаздардың әсем әуенімен жиын шырайы арта түсті. Сонымен қатар, мерейлі жасқа толған бір топ ардагерлер аудан әкімінің Құттықтау хатымен марапатталды. Әрі сол күні мәдениет үйі алдында киіз үй құрылып, ұлттық құндылықты дәріптеген көрмені де көзіміз шалды.
Жәрмеңке де ұйымдастырылып, тұрғындар да өз қажеттіліктерін мәре-сәре болып алып жатты. Осындай мәні мен сәні салтанат құрған шара соңы мерекелік дастарханға ұласты.
Сағыныш ҚАЙЫР